«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» сатып алынған астықтың ақшасын дер кезінде төлеуде - корпорация өкілі

Бұл жайында бүгін аталған корпорацияда өткен селекторлық кеңесте Астық сатып алу департаменті директорының орынбасары Олжас Мақатов мәлім етті.
«Бізге жеке шаруашылықтардың, жергілікті жердегі әкімшіліктердің көмегі қажет. Себебі қазір қыстың уақыты болғандықтан кейбір жерлерде жол жоқ, кейбір элеваторға жеткізілген астықтың сапасы сәйкес келмей жатады. Сонымен қатар шаруашылықтар өздерінің тарапынан бізге төлемге қажетті құжаттарды уақытында тапсырмауда. Осы себептен біздің сатып алғымыз келіп отырған астық мөлшері өз межесіне жеткен жоқ», деді ол өз сөзінде.
О.Мақатовтың айтуынша, корпорация жергілікті атқарушы органдардың, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының көмегіне зәру. Егер астығын өткізгісі келген шаруашылықтар құжаттарын толығымен тапсырса, корпорация 1-2 күннің ішінде тиесілі ақшаларын аударып беруге дайын. Бұған бөлінген мекеменің арнайы қаражаты әзір.
Бүгінгі күні корпорация сатып алынуға тиісті 1 миллион тонна астықтың 50 пайызын ғана алғанын атап өткен оның сөзіне қарағанда, қосымша құн салығын төлейтін ауыл шаруашылығын өндірушілерден астықтың тоннасын 18500 теңгеден, ал қосымша құн салығын төлемейтін ұсақ шаруашылықтардан 16518 теңгеден, яғни 12 пайыз төмен бағамен сатып алуда.