«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 3 млн. тоннаға жуық астық сатып алуды жоспарлауда

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 3 млн. тоннаға жуық астық сатып алуды жоспарлап отыр.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 3 млн. тоннаға жуық астық сатып алуды жоспарлауда

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Александр Солюлев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

А.Солюлев 3 сыныпты жұмсақ бидайдың тоннасы 165 доллар немесе 24 750 теңге болып белгілендігін мәлімдеді.  «Корпорация ұсынып отырған баға басқа ұсыныстардың ішіндегі ең жоғарысы. Ұлттық қор есебінен бөлінген қаржыға биыл 3 млн. тоннаға жуық астық сатып алу көзделуде. Бұл отандық егіншілерді дағдарыс жағдайында шаруашылықты құлдыратып алмауына септігін тигізеді және елдегі ұн және ұн өнімдері бағасының тұрақты деңгейін сақтауға мүмкіндік береді», деді А.Солюлев.

Ағымдағы жылы Үкімет 11,2 млрд. теңгеге мемлекеттік ресурсқа астықты сатып алуды жүзеге асыруды тапсырды. Жыл басында оның 5 млрд. теңгесі ауыл шаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қорға бидай жеткізу шартымен беріліп те қойылған. 

Биыл Ұлттық қордан «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 80 млрд. теңгеден астам ақша бөлінген. Соның дені мемлекеттік қорды қалыптастыруға арналған астықты сатып алуға, егіншілерге несиелер бөлуге арналған.