Азық-түлік корпорациясы Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына белгіленген баға бойынша астық жеткізетін болады
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы, Оңтүстік-Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктері, «Астық одағы», «Астық өңдеушілер мен наубайшылар одағы» астықпен қамтамасыз ету жөніндегі меморандумдарға қол қойды.
Меморандумдардың негізгі мақсаты - 1 сұрыпты бөлке нанның бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу.
Құжат талаптарына сәйкес, әкімдіктер нан пісіретін кәсіпорындарды белгілі баға бойынша ұнмен қамтамасыз ететін астық өңдеуші-операторларды белгілейді. Ал «ҚазАгро» холдингі өзінің еншілес компаниясы - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» акционерлік компаниясы арқылы қолдағы астық қорынан операторларға 26 500 теңге бағамен астық жеткізетін болады.
Азық-түлік корпорациясы астықты жеткізуді 2010 жылдың қыркүйек айының 1-інен бастап 2011 жылғы қазанның 1-іне дейінгі аралықта ай сайынғы қажеттілігіне сәйкес кесте бойынша жүзеге асырады. Азық-түлік корпорациясы кестеге сәйкес әкімдіктердің өтінішін қанағаттандырмаған жағдайда, «Астық одағы» операторды көрсетілген баға бойынша астықпен қамтамасыз етуді өз міндетіне алады. Астық өңдеу ұйымдарының астықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуді бақылау және нан өнімдеріне бағаны негізсіз көтеруге жол бермеу әкімдіктердің міндетіне жүктеледі.
Бұрын айтылғандай, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Экономиканы жаңарту жөніндегі мемлекеттік комиссияның үстіміздегі жылғы 26 тамыздағы отырысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 26 500 теңге бағамен 2 миллион тонна астықты сатып алуы туралы шешім қабылданды. Сатып алуды қаржыландырудың көзі Холдингке республикалық бюджеттен берілген қаражат, сондай-ақ ҚазАгроның меншікті қаражаты болып табылады. Сатып алуды Азық-түлік корпорациясы облыстар арасында егіннің жалпы түсіміне мөлшерлес бөлінетін белгіленген квота бойынша жүргізеді.
Аталған шаралар ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге өздерінің қажет табыс деңгейін сақтауға мүмкіндік береді, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ шаруалардың есеп айырысуы үшін қаражатпен қамтамасыз ету арқылы астық шаруашылықтарының қаржылық төлемпаздығын жақсартады.