Азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 7,4 пайыз болды
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -2010 жылдың қаңтар-қазан айларында 2009 жылдың желтоқсанына қарағанда азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 7,4 пайыз болды. Бұл туралы бүгін Астанада ҚазАқпарат тілшілеріне Экономикалық даму және сауда министрлігі сауда комитетінің сауда инфрақұрылымын дамыту басқармасының бастығы Данияр Ахметов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, азық-түлік емес тауарлардың бағасының индексі биылғы жылы өткен жылға қарағанда 1,6 есеге төмен (4,5 пайызды құрады).
«2010 жылдың қаңтар-қазан айларында яғни, 2009 жылдың желтоқсанына қарағанда, азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 7,4 пайызды құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен саластырғанда 3,1 есеге артық. 6-8 пайыз жоспарланған инфляция дәлізінде болу үшін азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 9,4 пайыздан аспауы тиіс»,-деп атап өтті Д. Ахметов.
Өңірлер бойынша 2010 жылдың қазанында яғни, 2009 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда азық-түлік тауарлары бойынша инфляцияның орташа республикалықтан жоғары деңгейі Астанада (10,8 пайыз), ОҚО (8,4 пайыз), Маңғыстау облысында (8,3 пайыз), Қарағанды облысында (7,9 пайыз) және Жамбыл облысында (7,5 пайыз) қалыптасты»,-деді ол.
Осы орайда ол 2010 жылдың қазанында 2009 жылдың желтоқсанына қарағанда инфляция 6,2 пайызды құрағанын, яғни бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 1,1 пайызға жоғары екенін еске салып өтті.