Азық-түлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде заң бұзғандарға жауаптылық енгізіледі - Мәжіліс
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Енді заң жобасы Сенаттың қарауына жолданады.
Аталған заң жобасына Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық жасаған болатын. Құжаттың мақсаты азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану үшін заңнамалық база құру болып табылады. Бұл ретте Тұрақтандыру қоры маусымаралық кезеңде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің агроөнеркәсіптік нарығына реттеушілік ықпал жасайтын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын, сондай-ақ астықты қоспағанда, азық-түлік тауарларының жедел қорын білдіреді. Бұл қор сақталу мерзімі 6 айдан асатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бойынша қалыптасатын болады.
Сонымен бірге, заң жобасымен өсімдіктерді қорғаудың инновациялық әдістерін енгізуді көздейтін нормалар енгізілді. Осыған орай, республикамызда қолданылатын отандық өндіріс гербицидтерінің ассортименті өте аз екендігін ескере отырып, депутаттар шығатын еліне қарамастан гербицидтердің барлық түрлерін субсидиялауды ұсынады.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар Үкімет қорытындысымен мақұлданған бірқатар түзетулер жасады. «Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану кезінде заңнама талаптарының бұзылғаны үшін жауаптылықты көздейтін жаңа баппен толықтырылды. Өйткені, заң жобасымен негізделетін сатып алу және тауар интервенцияларын жүргізу тетіктері өңірлік тұрақтандыру қорларын басқару жөніндегі субъектілер міндеттерінің ауқымын кеңейтеді», - дейді депутат Рауан Шаекин. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында заң жобасы «тіркелген баға» деген жаңа ұғыммен толықтырылды.