Азық-түлік жөніндегі ИҰ штаб-пәтерінің Қазақстанда орналасуының артықшылығы
«Қазір біз ұйымның штаб-пәтеріне қатысты соңғы құжатты ратификацияламақпыз. Ұйымның штаб-пәтері Астанада орналасады. Мұның біз үшін пайдасы көп. Біріншіден, оны қазақстандық басқарады және 4 жылдық өкілеттігі болады. Біз осы ұйымның қаражатына кепілдендірілген азық-түлікті сатамыз. Яғни, біз кемінде миллион тонна азық-түлікті жөнелте аламыз және өндірушілеріміз өз өнімдерін тиімді бағамен сата алады»,- деді заң жобасын таныстырған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.
Оның айтуынша, екіншіден, еліміз ұйымның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыру арқылы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, үшіншіден, техникалық көмек алуға мүмкіндік алады.
«Қазақстан бұл ұйымды ұстап тұру үшін бастапқы 3 жылда қаржы бөліп отырады. Жылына 749 мың доллар шығындайтын болады. Оның есесіне біз бұл ұйымның азық-түлікпен өзара көмек қорын аламыз. Ал ол 50-ден 100 млн долларға дейінгі аралықта қалыптасады. Бұл ақшаға ең бірінші кезекте Қазақстанның азық-түлігі сатылады. Шығын бар, бірақ кіріс одан да көп», - деді вице-министр.