Азық-түліктің бағасын ұстауға арналған ақша депозиттерде жатыр - АШМ

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, азық-түлік нарығында спекулятивті әрекеттер де жоқ емес. Ал әкімдіктер картоп пен қырыққабат бағасының өскенін Өзбекстанға тасымалданатын өнімнің артуымен түсіндіріп отыр. «Біздіңше, ол басты себеп емес. Әкімдіктер өткен жылдың өнімі есебінен тұрақтандыру қорларына азық-түлікті көптеп сатып алғанда қазіргі жағдай туындамас еді. Біздің зерттеуімізге сәйкес, азық-түлік өнімдері тұрақтандыру қорларына тиісті деңгейде сатып алынбайды. Соның салдарынан дәл сол тауарлардың бағасы көтеріледі. Қазіргі кезде тұрақтандыру қорларына сатып алынған картоптың үлесі 16 пайызды құраса, пияз - 7 пайыз, ал қырыққабат 5-ақ пайызды құрап отыр», - деді Айтуғанов Үкіметті бүгінгі отырысында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде тұрақтандыру қорларын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтыру жағынан Қызылорда (48 пайыз), Жамбыл (12 пайыз) мен Ақтөбе (10 пайыз) оқ бойы озық келеді. «Қалған облыстарда азық-түлік өнімдері аз көлемде сатып алынған. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бөлінген ақшаны банк есеп-шоттары мен депозиттерінде ұстап келеді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 1,6 млрд теңге көлеміндегі қаражатты депозитке салып қойған. Облыстың тұрақтандыру қорына сатып алынған азық-түлікті көлемі небары 1 мың тоннаны құраған. Осы орайда айта кеткен жөн, жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы ең қымбат көрсеткішке - 8 пайызға өскен», - деп атап көрсетті Айтуғанов.
Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысының тұрақтандыру қоры 63 тоннаны сатып алды да, 261 млн теңгені есеп-шот пен депозитте қалдырған. Аталған аймақта да әлеуметтік маңызы бар тауарлар 7,8 пайызға қымбаттады.