Б.Асад армиясы Дамаск әуежайын тастап кетті
АСТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Сирия президенті Башар Асадтың армиясы елдің әскери-әуе күштерінің негізгі базасы болып табылатын Дамаск әуежайын тастап кетті, деп хабарлайды РБК Al Arabiya телеарнасына сілтеме жасап.
Әзірге мұның себептері мәлім болған жоқ.
Бұған дейін БАҚ-та бүгін Батыс елдерінің Сирияға басып кіруі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. АҚШ президенті Барак Обама Әкімшілігіндегі тұлға америкалықтар 29 тамыз күні Сирияға әскери шабуыл жасауы мүмкін деп хабарлаған еді.
Бұған дейін Б.Обама Сирияда химиялық қару қолданылуына қандай жауап болатыны жөнінде шешім әзірге қабылданған жоқ екенін мәлімдеген болатын. Ақ үй басшысының айтуынша, АҚШ-та химиялық қаруды Сирия үкіметінің қолданғанын дәлелдейтін деректер бар. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Сирияның өкілі Башар Джаафари «Батыс елдері шабуыл жасаған жағдайда Дамаск қорғану құқығын пайдаланады» деп мәлімдеді.
Еске салайық, 21 тамыз күні БАҚ-та химиялық қару қолданылғаны және одан 3,5 мың адам зардап шегіп, 355 адам қаза болғаны жөнінде хабар тараған болатын.