Б.Асад: Сириядағы химиялық қару қорын жоюға 1 млрд. доллар кетеді
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сирия Президенті Башар Асад Сириядағы химиялық қару қорын жоюға уәде берді, деп хабарлады РБК.
Сирия басшысының сөзіне қарағанда, Сириядағы химиялық қару арсеналдарын толығымен жою шамамен 1 млрд. долларды құрайды. Б. Асадтың пайымынша, жою жұмыстарын бір жылдың ішінде аяқтауға болады.
Б.Асад Сирияның химиялық қаруды «батылы жеткен елге беруге» әзір екендігін атап өтті. Ол ресми Дамаскінің 21 тамыз күні болған химиялық шабуылға ешқандай қатысы жоқ екенін тағы да атап өтті, сонымен қатар, Ресейдің осы жағдайды реттеуге байланысты дипломатиялық күш салуын жоғары бағалады.
Сирия Президенті оның Үкіметі ел аумағында БҰҰ сарапшыларын қайта қабылдауға дайын екенін атап өтті. Ол сонымен қатар, сириялық тараптан Ресей дипломаттарына химиялық шабуылдарға көтерілісшілер кінәлі деген «дәлелдер» берілгенін жеткізді.
Сириядағы соғыс 2011 жылдың наурызынан бері жалғасып келеді, 100 мыңнан аса адам бұл қақтығыстың құрбанына айналды. Араб еліндегі жағдай тамыз айында Дамаскі маңындағы химиялық шабуылда 350 адам қаза болған оқиғадан кейін ушықты.
Осыдан кейін халықаралық қауымдастық Сирияға қарсы әскери операцияның басталу мүмкіндігін қарастыра бастады. Алайда бұл іске шетелдік әскерилердің араласуы күн тәртібінен ресми Дамаскі, сонымен бірге РФ мен АҚШ-тың арасындағы Сирияның химиялық қаруын халықаралық бақылауға алу туралы келесімінен кейін алынып тасталды.