Б. Байбек: Алматы сервистік қаладан инновациялық смарт-ситиге айналады
Форумға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Байтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «Казкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев, сондай-ақ, Ресей, Израиль, Оңтүстік Корея, АҚШ, Мексика, Германия және басқа да елдерден келген сарапшылар, бизнес қауымдастық, мемлекеттік орган өкілдері, стартап жасаушылар және болашақты болжайтын футурологтар қатысуда.
Өзінің кіріспе сөзінде Б. Байбек қазақстандық өнертапқыштардың 84 пайызы Алматыда тұратындығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда 10 алматылықтың алтауы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Жалпы өңірлік өнімнің сомасы 39 млрд доллардан асты.
Мысалы, Алматы қаласының Жалпы өңірлік өнімі Сербияның Жалпы өңірлік өнімінен жоғары, сондай-ақ, Моңғолияның ЖӨӨ-нен 3,5 есе, Қырғызстанның ЖЖӨ-нен 6 есе жоғары.
Алматыда 1,7 млн адам тіркелген. Бірақ, біздің дерек бойынша олардың қатарына тағы 500 мың адамды қосуға болады. Ал Алматыға іргелес елдімекендерде, яғни агломерацияда - 3 млн адам тұрады. Алматылықтардың өмір сүру деңгейі орта есеппен еліміздің басқа өңірлерінен - 2,2 есеге жоғары. Қаланың дамуына әсіресе кәсіпкерлер қомақты үлес қосуда», - деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Б. Байбек, бүгінде Алматыны сервистік қаладан инновациялық смарт-ситиге айналдыру жағына басымдық беріліп жатқандығын жеткізді.
«Әлемде көптеген қалалар осы смарт-сити дәрежесіне көтеріліп жатыр. Біз, де осы дәрежеге жету үшін жүйелі тұрғыда әрекет жасап жатырмыз. Бұл үшін Алматыда инновациялық капитал мен адам капиталы бар», - деді Б. Байбек.
Дегенмен, әкімнің айтуынша, қаланың әлеуеті әлі де жеткілікті деңгейде қолданылмай келеді.
«Бұл жерде қаланың инновациялық әлеуеті пен инновациялық ортасын дамыту - Алматыны инновация және технология орталығына айналдыруда маңызды стратегия болып табылады. Басты міндет - инновациялық экологиялық жүйені құру. Қала, инновациялық қалаға айналуы үшін капитал мен идеялар қажет. Ал олар бізде бар. Енді бұл іске жаңашыл азаматтар мен мықты компанияларды тартуымыз қажет», - деді әкім.