Б.Байбек: «Нұр Отан» партиясының мақсаты - сайлау науқанына белсенді қатысу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 11 наурызында партияның кезекті XVI Съезін өткізу жөніндегі Қаулыға қол қойды. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының селекторлық жиынында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.

 Б.Байбек: «Нұр Отан» партиясының мақсаты - сайлау науқанына белсенді қатысу

«Бізде уақыт өте аз. Партияның мақсаты - сайлау науқанына белсенді қатысу. Сондықтан бір аптаның көлемінде тиісті жұмыстарды дайындап бітіруіміз керек. Сонымен қатар бізге съез делегаттарын сайлау қажет: біріншіден, 26-28 ақпан күндері бастауыш ұйым арасында, яғни екі күнде және 2-3 наурызда - аумақтық филиалдарда, ал 4-5 наурыздарда - аймақтық филиалдарда делегаттар сайланады», - деді Б.Байбек. Оның сөзіне қарағанда, съезге шамамен 1200-ге тарта делегат қатысады. «Бұл - тарихи съез. Сондықтан елдің барлық аймақтарынан 1200-ге тарта делегат қатысады. Соның ішінде 200-ге жуық бастауыш ұйымнан, жүздеген делегат ауыл мен аудандардағы «нұротандықтар» болады. Қатардағы партия мүшелерінің осынау тарихи оқиғаға қатысуы бізге өте маңызды, олар халыққа жеткізгіміз келген негізгі міндеттерді тыңдаулары керек», - деді ол.