Б. Ізмұхамбетов: Әлемдегі барлық мейірім мен жақсылық әйелдермен байланысты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Әлемдегі барлық мейірім мен жақсылық әйелдермен байланысты. Әйелдер - қоғамның жүрегі, - деді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Халықаралық әйелдер күніне арналған жиналыс барысында.
«Ешбір әсірелеусіз-ақ әлемдегі барлық мейірім мен жақсылық әйелдермен байланысты деп айтуға болады. Олар сонымен қатар, асқан еңбексүйгіш жандар. Қазіргі таңда әйелдер қауымы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Экономикамыздың барлық саласында кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Оған қоса нәзік жандылардың мойнында бала тәрбиесіне деген жауапкершілік те жүктелген. Қайсар жандар осының бәріне үлгеріп келеді. Өңіріміздегі барлық ерлер атынан сіздерді осынау мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Зор денсаулық, береке, табыс тілейміз!» - деді әкім.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында әкім бір топ атыраулық көпбалалы аналарға «алтын» және «күміс» алқаларды табыстады.