Б.Ізмұхамбетов: Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында ерекше атап өтерлік мәселе - жұмыссыздықпен күрес
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында ерекше атап өтерлік мәселе жұмыссыздықпен күрес дер едім»,-деді Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында.
Оның пікірінше, жұмыссыздықпен күрес Жолдаудағы әлеуметтік сала бойынша айтылған маңызды бағыттардың бірі.
«Жолдауда индустриялық-инновациялық даму жобалары туралы да аз айтылған жоқ. Жалпы соңғы жылдары елде осы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламалардың арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бұрын сырттан әкелінетін көптеген тауар түрлерін елде өндіре бастадық. Егер осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретін болсақ, болашақта өндіріс өнімділігін айтарлықтай арттырып, тауарларға деген баға құнын арзандата аламыз. Түптеп келгенде, бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұрынғы әкім ретінде мен аталған жайттарды өте маңызды міндеттер деп білемін»,-деді халық қалаулысы.