«Б» корпусына іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Аталған құжат Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен дербестігіне бағытталған шараларды жүзеге асыруға бағытталады.

«Б» корпусына іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі - Мәжіліс

Заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттік қызметке кіруге, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады. Атап айтқанда, заң жобасымен азаматтарды «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді ротациялау және аттестаттау тәртібі, мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді қабылдау шарттары белгіленеді. Мәселен, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына алғаш рет немесе қайтадан кіріп отырған азаматтар бірқатар іріктеу сатыларынан өтеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қабылдау үш кезеңнен тұратын конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асатын болады. Бұл ретте бірінші кезекте кандидаттар заңдарды білу мен құзыреттілік бойынша тестілеуден өтеді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер құндылығын ұстану бойынша комиссиялық бағалаулар болады. Үшінші кезекте мемлекеттік орган сұхбаттасу арқылы кандидаттың кәсіби білімін, біліктілігін айқындайтын болады. Ал конкурстан сәтті өткендер үшін үштен алты айға дейінгі аралықта сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ нәтижесі қанағанаттарлықсыз болғанда, оған тағы үш ай қосылады. Қанағаттанарлықсыз нәтиже қайталанған жағдайда сынақтан өте алмағандар жұмыстан босатылады. ҚР Президентінің "А" корпусындағы әкімшілік қызметтің кадр резервін іріктеу тәртібін бекіту бөлігіндегі құзыреті нақтыланады. Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызмет саласында ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, құзыреттілік негізінде мақсаттық, яғни лауазымдық жоғарылатуға, нәтижеге байланысты еңбекақыны анықтауға бағытталады. Бұл шаралар мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық пен заңсыз қамқоршылыққа қарсы қимылдарды қамтиды әрі қоғамның қажеттілігіне толық жауап береді. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жіберіледі.