«Б» корпусындағы қызметшілерді қарамағындағылары да бағалайтын болады - Ә.Байменов
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Б» корпусындағы қызметшілерді бағынышты қызметкерлері де бағалайтын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Әлихан Байменов мәлім етті.
«Біз бағалаудың жаңа жүйесін енгізу арқылы қарым-қатынас мәдениетіне өзгеріс енгізгіміз келеді. Ендігі уақытта «Б» корпусындағы қызметшілерді оның қарамағындағылар да, әріптестері де бағалайтын болады. 360 градус деген тәсіл бар. Онда басшыға қарамағындағы қызметкерлер мен әріптесі белгілі қабілеттеріне сипаттама береді. Ол ынтымақтастықта жұмыс жасауға бейім бе, құзыретін біле ме, әдепті сақтай ма деген мәселелер көтеріледі. Меніңше, бұл әсіресе басшы мен қарамағандығылардың арасындағы қарым-қатынастың мәдени жоғарылауына алып келеді»,- деді ол. Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, «А» корпусының лауазым иелері де жыл сайын бағаланып, оның басшылық, тұлғалық қасиетіне, келісімшарттағы көрсеткіштерге жеткен, жетпегендігіне назар аударылатын болады. «Сонымен бірге біз «А» корпусынан бастап оқыту жүйесіне жаңа бағдарламаларды әзірледік. Себебі, орта есеппен «А» корпусындағы азаматтардың жасы 45-те. Олар оқуларын осыдан 20 жылдай бұрын бітірген. Өкінішке орай, ол кезде біздің білім беру жүйемізде басқару тәсілдері, басқару пәндері, шешім қабылдау, стратегиялық жоспарлау, жобаларды басқару пәндері жоғынан еді. Сол себептен осы бағытта арнайы курстар өткізіп, әлемнің жетекші сарапшыларын іске тартудамыз», - деді Ә.Байменов.