Б.Құлпейісов Президенттің «жолын» 2 күнде еңсеріп алмақшы
АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай спорт майталманы, марафоншы Балғабай Құлпейісов 72 шақырым жерді жүгіріп өтуге бел буып отыр.
Марафон ертең, сағат 10.00-де Шортанды кентінде басталады. Түс қайта Б.Құлпейісов Төңкеріске дейін жетуді көздейді. Осы жерде түнеп, келесі күні - желтоқсанның 1-інде Астанаға жүгіріп шықпақшы. Марафон күндіз сағат 14.00-де «Қазақ елі» монументі маңайында аяқталады. «Шортандыдан бастап біз трассамен, көшемен, тіпті айдаламен де жүгіреміз. Ауа райына қарамастан, біз ол қашықтықты бағындырамыз. 72 шақырым деп алғанымыз, ол - Президенттің жасы. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев 72-ге келген жоқ па? Айтпақшы, бүгін маған тағы бір спортшы хабарласты. Ол менімен бірге жүгіремін деп отыр. Жол бойы біз Қазақстанның Туын қолда ұстап өтеміз», - дейді Б.Құлпейісов.