Б.Момышұлының 30 томдығы - намысты қайрап, ұлттық сананы көтеретін рухани мұра - М.Мырзахметұлы
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлы батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы шығармалырының 30 томдық жинағы баспаға жіберіліп отыр.
Бұл туралы бүгін Еуразия ұлттық университетінде өткен конференцияда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Мекемтес Мырзахметұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғалымның айтуынша, оған қоса 10 томдық шығармаларға Баукеңнің замандастары жазған естеліктер мен батырға жолданған арнау өлеңдері еніп отыр. «Ендігі мақсат Бауыржан Момышұлы энциклопедиясының сөз тізбесін жасау»,- деді ол. Бүгінгі таңда қаржы мәселесіне байланысты бұл еңбектің тек үштен бір бөлігі ғана жасалған. «Жалпы, дүниежүзінде Баукең туралы жазылған еңбектер өте көп. Солардың бәрін жинап, аудару қажет. Сонда Бауыржан Момышұлының 125 жылдығына батыр ағамыздың 100 томдығын шығаруға мүмкіндігіміз бар» - дейді М.Мырзахметұлы.
«1897 жылы біздің халқымыздың саны Ресейге қараған бүкіл түркі халықтарының 52 пайызын құраған. Қазір болса, 20 пайызға жетер-жетпес. Ол уақыттың ішінде өзбектер 12 рет, ұйғыр 6 рет өссе, қазақ 3 есе азайды. Біз - тобырға айналып кете жаздаған халықпыз. Баукең осының бәрін жақсы түсінген. Сондықтан өзінің саналы өмірін туған халқының дәстүрін, тілін, ділін, тарихи жадысын сақтап қалуға арнады. Оның бүкіл рухани күші осыны сақтауға жұмсалды. Осы шындықтың бәрі 30 томдық шығармалар жинағында бар. Бұл біздің намысымызды қайрайды, ұлттық санамызды көтереді», - дейді жазушы-ғалым М.Мырзахметұлы.