Б. Момышұлының ескерткіші жанында жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталған шара ұйымдастырылды
АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі мен қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен елордада көптеген мәдени іс-шаралар өтіп келеді.
Ел қорғаған батырларымыз бен халықтың рухани байлығын арттырған ақындарға орнатылған ескерткіштер жанында басқосулар өткізу дәстүрге айналды.
Сондай ел бірлігін нығайтуға арналған және жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталған мәдени шара Астанадағы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің жанында болды.
Осы басқосуға жиналған зиялы қауым өкілдері екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Алғашқы сөз алған Халық Қаһарманы, генерал, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев қазақ халқының даңқты батыры Бауыржан Момышұлы туралы ойларын ортаға салды. Б.Ертаев соғыстың адамзатқа қасірет әкелетіні, небір арыстай азаматтардың майданда көз жұматыны жайлы сыр шертті. Ол жасөспірімдерге арнаған сөзінде отансүйгіштік қасиеттің қанмен тарайтынын, тәуелсіз Қазақстанды намысы айбалтадай, рухы мықты азаматтар қорғайтынын айтты.
Одан кейін экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер Сайлау Батыршаұлы сөз сөйлеп, Баукеңнің Отанға деген сүйіспеншілігі әрбір ісі мен қадамынан айқын көрінетінін мәлім етті. Ол Бауыржан Момышұлы қиын заманның өзінде ата-тегін дұрыс жазып, сол үшін күресіп өткен адам екенін айта келіп, жастарды Батырдан үлгі алуға шақырды. Осындай игілікті шараны ұйымдастырған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырза мен қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы ханымға алғысын білдірді.
Ғалым-жазушы, экономика ғылымының докторы Мырзакелді Кемел Баукеңмен екі рет кездескенін, сонда ойына түйген сырларымен бөлісті.
Ардагер, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Жамалбек Ақылбайұлы батырға арналған өлеңдерін оқып берді.
Бұл шараны ұйымдастыруға қаладағы №53 мектептің ұжымы атсалысты. Оқушылар Бауыржан Момышұлына арналған қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып берді.
Осы басқосуды қорытындылаған Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы жиналған зиялы қауымға ризашылығын білдіріп, мұндай шара алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. «Бүгін көп жастар жиналды. Отан үшін ерлік жасап, еңбек еткен адамды халқы ешқашан ұмытылмайтыны Сіздерге тағылым болсын деп өткізіп отырмыз»,- деді ол.