Б. Мұхаметжанов министрліктің оқу орындарын жасақтау туралы арнайы бұйрыққа қол қойды

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжанов 2009 жылы министрліктің оқу орындарын жасақтау туралы арнайы бұйрыққа қол қойды.
None
None
Оған сәйкес, күндізгі оқыту нысаны бойынша үміткерлердің құжаттары биылғы жылғы шілденің 1-іне дейін, ал сырттай оқу нысаны бойынша мамырдың 15-іне дейін тікелей министрліктің оқу орындарына жолдануы қажет. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, Ішкі істер министрлігінің ведомстволық тізімінде 6 оқу орны бар. Олар - Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясы мен Қарағанды заң институты, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерінің Қостанай жоғары әскери училищесі және Ақтөбе, Семей, Шымкент қалаларындағы заң колледждері. «Ішкі істер органдары үшін жоғары оқу орындарында мамандар даярлау - заңтану, ал колледждерде құқық қорғау мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Ішкі істер министрлігінің оқу мерзімі әскери қызметке теңестіріледі және ішкі істер саласындағы қызмет өтіліне саналады. Бұл ретте колледждегі оқу мерзімі 2 жыл болса, жоғары оқу орындарында 4 жыл», - дейді департамент бастығы. Оқу орындарының тыңдаушылары мен курсанттары арнайы казармаларда тұрады және олар тағаммен, сондай-ақ арнайы киіммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар арнайы шәкіртақы да қарастырылған. «Оқу орындарының түлектеріне ішкі істер саласының аумақтық бөлімшелеріне қызметке орналасуға кепілдік беріледі. Ал оқу орнын үздік бітірген азаматтар бос лауазымды таңдауға мүмкіндік алады», - деді Б.Қожахметов.
Соңғы жаңалықтар