Б.Нетаньяхудің Астанаға сапары екіжақты байланысты тереңдетуге серпін береді деп сенеміз - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Израиль Премьер-Министрі Б.Нетаньяхудің Астанаға жоспарланып отырған ресми сапары екіжақты байланыстарды тереңдетуге серпін береді деп сенеміз. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар шет ел Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Н.Назарбаев айтты.

Б.Нетаньяхудің Астанаға сапары екіжақты байланысты тереңдетуге серпін береді деп сенеміз - Н.Назарбаев

«Қазақстан Израильмен ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге айрықша мән береді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық біздің қарым-қатынастарымыздың маңызды бөлігі болып саналады. Бүгінде Қазақстанда Израиль капиталының қатысуымен 270-тен астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазіргі дағдарыс жағдайында барлық бағыттар бойынша қауымдасудың маңызы зор», - деп атап өтті Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысы ақпараттық технологиялар, инновация, медицина және ауыл шаруашылығы перспективалы салаларға айналып отырғанын баса айтты.
«Астанада, өздеріңіз білесіздер, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу тұрғысынан біз Израильдің озық технологиясына және баламалы энергетика саласындағы жаңалықтарына мүдделіміз. Израильдің Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағы жөніндегі келісімге қол қоюға ұмытылысын біз қолдаймыз. Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяхудің Астанаға жоспарланып отырған ресми сапары екі жақты байланыстарды тереңдетуге серпін береді деген сенімдеміз», - деді Н.Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін Ақордада ҚР Президентіне БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі, БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, Израиль Елшісі Михаил Бродский, Өзбекстан Елшісі Икром Назаров, Әзербайжан Елшісі Рашад Маммадов, Таиланд елшісі Нат Пиньоваттаначип сенім грамотасын табыс еткен болатын.