Б.Обама: АҚШ Иранға қарсы үлкен санкциялар әзірлеуде

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат - АҚШ өкіметі Иранның ядролық бағдарламасына байланысты ол елге қарсы жаңа «маңызды» санкциялар әзірлеуде. АҚШ Президенті Барак Обама Ақ үйде кеңесте сөйлеген сөзінде осындай мәлімдеме жасады,

Б.Обама:  АҚШ Иранға қарсы    үлкен санкциялар әзірлеуде

деп хабарлайды Associated Press.

Америка президентінің айтуынша, жаңа санкцияларды әзірлеу үдерісі жедел жүріп жатыр. Дегенмен, Б.Обама, жаңа санкциялардың нақты енгізілетін мерзімін атаған жоқ.

Оған қоса, Президенттің пікірінше, Иранның уранды 20 пайызға дейінгі байытуды бастау туралы шешімі Тегранның халықаралық қоғамдастықпен диалогтан бас тартуының айғағы. Б.Обама иран өкіметінің саясаты адамзатқа қауіп төндіретін ядролық қарудың өндірісіне бағытталып отырғанын тағы да атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Иранның Атом энергетикасы жөніндегі ұйымы уранды 20 пайыз деңгейге дейін байыту өндірісінің басталғанын растады. Ұйым басшысы Әли Акбар Салехи мырза, байыту үдерісінің Нетензе қаласындағы ядролық кешенде кеше басталғанын мәлім етті. Бұл үдеріс МАГАТЭ инспекторларының көз алдында жүзеге асырылды.