Б.Сағынтаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы басымдықты жобалардың картасын жасауды тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев кеңес өткізді. Онда 2014-2015 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік өнеркәсібін дамыту бойынша кешенді жоспарды Елбасы тапсырмаларын есепке ала отырып жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «ҚазАгро» ҰБХ, «Даму» қорының, «ҚДБ» АҚ басшылары қатысты.
Талқылау қортындысымен Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы мен инвестиция және даму министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы басымдықты жобалардың картасын пысықтап, қалыптастыруды тапсырды.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылы 11 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев әлемдік экономикадағы қазіргі нақты жағдайды есепке ала отырып, басты бағыт ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік өнеркәсібін дамыту екенін атап өтті. Осы орайда Үкіметке 2013-2014 жылдарда басталған АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.