Б. Сағынтаев Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме сауда орталықтарын құруды ұсынды - Үкімет отырысы

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме сауда орталықтарын құру қажет.

Б. Сағынтаев Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме сауда орталықтарын құруды ұсынды - Үкімет отырысы

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық фарматтағы отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев  мәлім етті.

«Қазақстанда құрылатын сауда-логистикалық орталықтармен байланыстыра отырып, облыс орталықтарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме сауда орталықтарын құру қажет», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып кеткен. Мәселен, Тараз қаласында еліміздің оңтүстігіндегі аумағы 35 гектарды құрайтын «Атакент-Тараз» әмбебап көтерме базарының құрылысы аяқталуға жақын. Аумағы 15 гектарды құрайтын «Гега» көтерме базары да салыну үстінде. Ал елордада «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ қаржысы есебінен қаржыландырылатын ірі көтерме ауыл шаруашылығы базарының құрылысы салынуда.

«Көтерме азық-түлік базарлары өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігін және бөлшек сауданың дамуының өзегі болатындығын ескере отырып, акционерлік қоғам нысанында көтерме ауыл шаруашылығы базарларын құруды ынталандыру қажет», - деді Б.Сағынтаев.

Оның пайымынша, бұл ретте мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін пайдалануға болады. Мәселен, осы орайда мемлекет жер учаскелерін беру және инженерлік инфрақұрылымдарды қамтамасыз ету міндетін өз мойнына ала алады.