Б.Сағынтаев: Қазақстандық экспорт өніміне Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуі былтыр ел экономикасына әсер етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың қазақстандық экспорт өніміне сұранысының төмендеуі өткен жыл бойы ел экономикасының дамуына қысым жасады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Өткен жыл оңай жыл болған жоқ. Әлемдік экономиканы шайқалтқан қолайсыз оқиғаларға баршамыз куә болдық. Қазақстанның негізгі сауда серіктестері Ресей мен Қытайдағы күрделі экономикалық ахуал жаһандық экономикалық өсімге әсерін тигізді. Бүгінде Қытай экспорт пен инвестициялардан ішкі тұтынуды ынталандыру мен қызметтер көрсету саласын дамытудың көшпелі кезеңін өтуде», - деді ол.
Бірінші вице премьердің атап өтуінше, экономистердің болжамына сәйкес, орта мерзімді болашақта қытай экономикасының өсу қарқының баяулауына әкеп соғады. Ресей экономикасы өткен жылдан бастап рецессия жағдайында тұр. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2016 жылы мұнайдың төмен бағасы мен Батыс тарапынан санкциялар жалпы ішкі өнімді одан ары төмендетіп, экономикдағы дағдарыс процестерін күшейтеді.
«Сонымен қатар, әлемнің көптеген елдерінде ұлттық валютаның құнсыздануы орын алды. Мұнайдың әлемдік бағаларының қарқынды төмендеуінің куәсі болдық. Әлемдік экономиканың әлсіз өсімі мен шикізат қорының көп болуы мұның негізгі себептері болды. Доллардың нығаюы да маңызды рөл атқарды. Бұл балама инвестиция ретінде мұнайдың тартымдылығына зиянын келтірді. Барлық осы жағымсыз факторлар, сондай ақ негізгі сауда серіктестеріміздің, бірінші кезекте Қытайдың отандық экспорт өніміне сұранысының төмендеуі өткен жыл бойы ел экономикасының дамуына қысым жасады», - деді Б.Сағынтаев.