Б. Сағынтаев құрылыс саласына жаңа реттегіш құралдарды енгізу мәселелеріне арналған отырыс өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

Б. Сағынтаев құрылыс саласына жаңа реттегіш құралдарды енгізу мәселелеріне арналған отырыс өткізді

Отырыс кезінде құрылыс саласындағы жаңа реттегіш құралдарының қызметіне қатысты жүргізілген сараптамалардың нәтижесі қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық қауымдастықтар бұл жаңашылдыққа оң бағасын берді.

Отырысқа қатысушылар келесі реттегіш құралдарды енгізуді мақұлдады. Олар: тапсырыс берушінің қызметін жүзеге асыру және құрылыс нысандарындағы жұмысты іске асыру үшін құрылыс жобаларын басқару бойынша инжинирингтік компанияларды аккредиттеу; ғимараттар мен құрылымдардың беріктігі мен сенімділігіне техникалық зерттеу және техникалық бақылау жүргізумен айналысатын заңды тұлғаларды аккредиттеу; құрылыс және жобалық ұйымдардың инженерлік-техникалық қызметкерлерін аттестаттау бойынша мемлекеттік емес орталықтарды аккредиттеу.

Тиісті жағдайлар болған кезде (өзін өзі реттеу, жауапкершілікті бекіту жөніндегі заңның қабылдануы) аккредиттеудің аталған түрлері алдағы уақытта бәсекелік ортаға тапсырылады.

Жоғарыда аталғандарды енгізу құрылыс жобаларын басқаруда, техникалық бақылау және зерттеу саласында, аттестациялық орталықтардың жұмысына оң әсерін тигізеді.