Б. Сағынтаев өңірлердің әкімдіктеріне күн сайын су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізуді тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2016 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселесі бойынша селекторлық кеңес өткізді.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта республиканың су қоймалары көктемгі су тасқынын бұруға сыйымдылық қорына ие. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін ЖЖМ, инертті материалдар қорлары даярланды, елді мекендерде қар шығарылып жатыр.
Су тасқынын гидротехникалық құрылыс арқылы апатсыз өткізу, өзен бассейндері учаскелерінде алдын алу шараларын өткізу мақсатында су тасқынына қарсы сәйкес комиссия құрылды.
Бақытжан Сағынтаев Қарағанды, Ақмола және басқа да облыстар 2015 жылдың наурыз-сәуірінде су тасқынынан зардап шеккендегі оқиға қайталанбау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет екенін баса айтты.
Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне орталық мемлекеттік органдармен бірге күн сайын мониторинг жүргізуді және су тасқыны жағдайын бақылауды, арнайы және инженерлік техниканы су тасқыны қаупі бар жерлерге шоғырландыруды, көпірлерді, арық-арна жүйелерін, өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды және қорғау бөгеттерін қар суы мен су тасқынының үлкен көлемін өткізуге дайындауды, елді мекендерді су басу қаупі туындаған жағдайда әрекет ету ережелері бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруды тапсырды.