Б.Сапарбаев Астанадағы Шығыс Қазақстан облысының жәрмеңкесін ашты

«Біздің Жаңа жылдың алдындағы келген мақсатымыз аязға, боранға қарамастан Астана қаласына арзан бағамен тағам өнімдерін ұсынып, астаналықтардың көңілдерін көтерсек деген ниет. Біз үшін 50 градус аяз бен боран үйреншікті жағдай, сондықтан бізге ешқандай ауа райы кедергі болмайды. Бүгінгі шараға облысымызда шығып жатқан өнімдер әкелінді. Менің ойымша, бұл осында келген шаруа қожалықтарының баршаларына өз өнімдерін өткізуге үлкен көмегін тигізеді. Біз жәрмеңкеге 115 тонна азық-түлік өнімдерін жеткіздік. Негізінен алып келгеніміз - халық үшін қажетті, облыста көп шығаратын өнімдер», - деді ол.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы биыл екінші рет осындай жәрмеңке ұйымдастыруда.
Аталмыш жәрмеңкеге облыстың екі қаласы мен 16 ауданынан Астанаға 30 тоннадан астам бал, 57 тонна ірі қара мен қой еті, 2 тонна құс еті, 3 тонна сүт өнімдері, 12 тонна өсімдік майы, 6,5 тонна шұжық өнімдері, 6 тоннадан астам жарма түрлері, 4 тоннаға жуық балық, 6 тонна қымыз, 1,5 тонна панты өнімдері, 2 тонна нан-тоқаш, кондитерлік тағамдар, ұн жөнелтілген. Орта есеппен алғанда біздің қаладағы базарлармен салыстырғанда өнімдері 20 пайызға төмен.