Б.Сапарбаев: Кәсіби футболымыз қайда?

Қазақстан футболының ардагері, Футбол федерациясының бұрынғы вице-президенті Михаил Гурманға қойған сауалында вице-премьер: «Бүгінде футбол алаңы жоқ елді мекен жоқ шығар. Кәсіпқой футболымыз қайда? Жақсы бапкерлеріміз қайда кеткен?», - деп сауал тастады. Михаил Гурман елде футболдың дамуына үлкен қолдау жасалып жатқандығын айтты, бірақ кәсіби футболдың дамуына кері әсер етіп жатқан факторларға да тоқталды. «Өкінішке орай, бапкерлерде ұрпақ жалғастығы деген жоқ. Кеңес Одағы құлаған кезде көптеген жақсы бапкерлер Ресейге, өзге де елдерге қоныс аударып кетті. Олар өздерінің ізін басатын ешкімді қалдырмады. Бізде бапкерлік құрам жеткіліксіз», - деді ол. М.Гурманның сөзіне қарағанда, футболдың аяғына инфрақұрылымның нашарлығы тұсау салып отыр. «Міне, жақында ғана маусым басталды. Облыстардың барлығында ойнау мүмкін емес. Себебі оған үш мыңдық жабық манеждер қажет. Чемпионат наурызда басталса, мамырға дейін олар осындай манеждерде ойнаулары шарт. Олар ешқандай аймақта жоқ. Бізде қыста ойнауға болатын қай жер бар? «Астана арена» мен «Қайрат-Алматы». Кәсіби футболшыларға алаң жетіспейді», - дейді М.Гурман. Форумға ҚР Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, спорт ардагерлері, танымал спортшылар, 2015 жылғы Қысқы Универсиаданың жеңімпаздары қатысты.