Б.Сапарбаев меценаттарды Қазақстанның беделін шетелде арттыруға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев меценаттарды Қазақстан беделін шетелде арттыруға шақырды.
None
None

Бүгін «Мәңгілік ел - елдің біріктіруші күші» атты форумда вице-премьер алдымен елдегі зиялы қауымның алдында тұрған міндеттерді ашық айтты.

«Қазіргі таңда мәдениет пен өнер қызметкерлерінің алдында бірқатар мәселер тұр. Бұл ең біріншіден, патриоттық рухтағы идеологиялық туындыларды дүниеге әкелу. Өздеріңіз білесіздер, кезінде жазушылар мен өнер адамдары билік пен қоғам арасындағы көпір болған. Шығармашылық одақтар идеологиялық қалыптастырушы ұйым болған. Өкінішке орай, соңғы жылдары бұл жұмыстар ақсап қалды. Сондықтан зиялы қауымның ең негізгі міндеттерінің бірі - бұрынғы дәстүріміздің бәрін қалпына келтіру және егемендігімізді ескере келе, ары қарай дамыту», - деді ол.

«Тағы бір мәселе - Қазақстанды шет елге таныстыру. Біз егеменді ел болғаннан кейін, мемлекетіміздің атақ-абройы өз өңірімізде ғана емес, дүниежүзіне танылуы керек. Кейінгі уақытта даму бар. Бір ғана Абайды алатын болсақ, Мәскеуде, Бейжіңде, Бухаресте Абайға ескерткіштер орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек. Драматург Дулат Исбаеков, суретші Ерболат Төлепбаев, Еңбек ері Айман Мұсақожаева, «Астана Опера» сияқты өнер ұйымдары Қазақстанды шетелге танытып жүр. Бірақ бұл аз, санын көбейту керек. Қазіргі заманда жақсы бір сылтау бар, әсіресе, басшыларда, «ақша жоқ» деген. Ақшаны табу керек. Оның көзін білу керек. Құдайға шүкір деу керек, арамызда біраз мецанаттар бар. Солармен жұмыс істесек, шет елде Қазақстанның абыройын, беделін арттыруға болады. Оның үстіне ЮНЕСКО мен шетелдегі Қазақстанның елшіліктерімен бірге жұмыс істеу керек», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Оның ойынша, білім саласындағы зиялы қауым үш тұғырлы тілдің дамуына үлес қосулары шарт.

«Елбасының әрдайым айтатыны - үш тілділік. Дамыған мемлекет боламыз десек, үш тілді дамытуымыз керек. Ол үшін қазір барлық жағдай жасалған. Сол мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек», - деді Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, «Мәңгілік ел - елдің біріктіруші күші» атты Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымы форумына республиканың түкпір-түкпірінен 200-ге жуық зиялы қауым өкілі келді. Олардың ішінде көрнекті мәдениет, өнер, ғылым, қайраткерлері, жазушылар, мәдениет, шығармашылық және білім ұйымдарының басшылары қатысты.

Соңғы жаңалықтар