Б.Сапарбаев Түркістандағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық конференция жұмысына қатысты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жұмыс сапарын жалғады, деп хабарлайды www.primeminister.kz.

Б.Сапарбаев Түркістандағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық конференция жұмысына қатысты (ФОТО)

Вице-премьер Түркістанның әлеуметтік саласының дамуымен танысып, қалалық аурухананы, мектеп-гимназияны, МЖС жағдайында салынған түркі тілдес халықтардың жеке кітапханасы мен балабақшаны аралады.

Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ қазіргі таңда Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатқан «Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы Қазақ хандығының рөлі мен маңызы» атты ғылыми-теориялық конференция жұмысына қатысты.

Б.Сапарбаев еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.

«Мемлекет тарихындағы айтулы кезең - Қазақ хандығының 550 жылдығы Отанымыздың түкпір-түкпірінде атап өтіледі. Қазақ хандығының қалыптасуына арналған ғылыми іс-шаралар мемлекет шекарасынан асып, шетелдерде де өткізілуде», - деп жазылған құттықтау сөзде.

«Соңғы бірнеше жылда республикада «Тарих ағынындағы халық» мемлекеттік бағдарламасының арқасында Қазақ хандығын жан-жақты зерттеу бойынша жұмыс жүргізілді. Оның ішінде Қазақ хандығының құрылуынан бастау алғып, «Мәңгілік ел» идеясының негізі болған мемлекеттілік идеялар зерттелді. Осының бәрі қазіргі және болашақ ұрпақтың жүректерінде қазақстандық патриоттықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің пайда болуына дәлел болып табылады.

Бүгінгі таңда Түркістан ұлтымыздың мақтанышына, ата-бабаларымыздың рухының қасиетті мекеніне айналды. Оған қоса, бұл ежелгі қала барлық заманауи түркі әлемінің халықаралық ғылыми орталығы, атап айтқанда, қазақ халқының тарихын, оның салт-дәстүрін зерттейтін ғылыми орталық саналады», - делінген құттықтау сөзде.

Конференция қатысушыларына қарата сөйлеген сөзінде Б.Сапарбаев Елбасының саясатының арқасында «Қазақстан еркін және егеменді мемлекетке, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналғанын» баса айтты.

«Осы тұрғыда Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу, Елбасы айтқандай, бұл тарихи сабақтастықтың, бір шаңырақтың астында келісім мен бейбітшілікте тұрып жатқан барлық қазақстандықтардың бірлігінің көрінісі», - деп атап өтті вице-премьер.

Конференцияға Түркия, Иран, Әзірбайжан, Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының 600-ден астам өкілі қатысты.