Б. Сапарбаев жастар арасында белең алған суицидке алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тек былтырғы жылдың өзінде 900-ге жуық өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы тіркелді. Бұл туралы бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен «Елбасымен бірге жастардың қадамы» форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті.
«Тек былтырғы жылдың өзінде 900-ге жуық өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы тіркелді. Оның әрбір үшіншісі жастар арасында орын алған. Бұл не сұмдық? Мектептер қайда қарап отыр? Билік неге шара қолданбайды? Қолданса, нәтижесі қайда? Ата-аналар комитеттері қайда? Мектеп директорлары неге олармен жұмыс жасамайды? Менің білуімше, бүгінде 2070 мектепте мектеп инспекторлары бар. Күн аралап суицид болып жатса, олар не істеп жүр? », - деді Б.Сапарбаев.
Оның пікірінше, мұндай жағдайларды болдырмау үшін балалармен жұмысты жақсарту қажет. Және де бәленің бәрін ҰБТ-ға жаба салуға болмайды.
Бүгінде өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары Қостанай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында кең етек жайып тұр.
«Бұндай жағдайды болдырмау үшін Білім және ғылым министрлігі Қорғаныс министрлігімен, Мәдениет және спорт министрлігімен және басқа да ведомстволармен қоян-қолтық жұмыс істеу керек», - деп атап өтті вице-премьер.