Б.Жұмағұлов балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру мәселесі бойынша өңірлермен видеокеңес өткізді

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интерактивтік студиясында ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұловтың төрағалық етуімен селекторлық жиналыс өтті.

Б.Жұмағұлов балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру мәселесі бойынша өңірлермен видеокеңес өткізді

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Жиналыста  «Балапан» бағдарламасын іске асыру аясында мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселелері талқыланды.

Селекторлық жиналыста Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Әлеуметтік саладағы бюджеттік бағдарламаларын жоспарлау, олардың атқарылуын талдау және іске асырылуын бағалау департаментінің директоры, облыс әкімдерінің орынбасарлары және білім басқармаларының бастықтары қатысты.

Видеоконференция режимінде облыс әкімдердің орынбасарлары мен білім басқармаларының бастықтары  жаңа ашылған орындарға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша ағымдағы жағдайдан хабардар етті. Қарағанды облысының әкімі Ж. Жылбаев облыстың мектепке дейінгі білім берудегі жекеменшік серіктестіктің дамуы жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы атап өтті. Мектепке дейінгі ұйымдарда материалдық-техникалық базаны нығайту және жергілікті бюджет есебінен балабақшалар құрылысының күрделі шығындарын қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша шаралар талқыланды.

Аталған жиналыстың нәтижесінде  «Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың механизмін одан әрі жетілдіру ұсыныстары қабылданды.