Б. Жұмағұлов: Педагог мәртебесін арттыру - басым бағыттардың бірі
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы уақытта да білім саласындағы басым бағыттардың бірі - педагог мәртебесін арттыру болып қала береді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Мұғалімнің жоғары біліктілігі - адами капитал дамуының негізі болады. Мемлекет мұғалімнің мәртебесін арттыруда маңызды қадам жасап келеді. Атап айтқанда, ең алдымен еңбекақыны көтеру шарасы қолға алынуда. Мәселен, ағымдағы жылы барлық бюджеттік қызметкерлер үшін жалақыны 30 пайызға арттырудан басқа педагогтер үшін қосымша үстемақы қарастырылып отыр. 1 қыркүйектен бастап мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері біліктілік санаты үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайызға дейін қосымша төлемақы алады», - деді Б. Жұмағұлов.
Оның айтуынша, бұл мақсаттарға бюджеттен 5,3 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, министр мұғалімнің қоғамдық имиджін арттыру мәселесі де қарастырылып жатқанын жеткізді. «Министрлік осы жұмыстың республикалық деңгейдегі тұжырымдамасын әзірледі», - деді Б. Жұмағұлов.