Б.Жұмағұлов: Жасөспірімнің іш киіміне дейін қарау емтихан тапсыруға келген түлекті қорлау - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Әлемді жайлаған қаржы дағдарысы барған сайын ушыға түсуде. Болашақтың бұлыңғырлығы мен алдағы көріністің белгісіздігі, әсіресе, «кәрі құрлық» елдері жұртын сан-саққа жүгіртіп қойды. Континент тұрғындарының дені «неден жаздымға» бой алдырып, сары уайым қоршауынан шыға алмай отыр. Созылмалы сырқаттың соңғы сипаты көп жылдардан бері батыс жарты шар елдерінің ұстыны мен діңгегі болып келе жатқан Еуропа одағын да түбірінен шайқалтып, біржола ыдыратпай тынбауға қараған сияқты. Сонымен батысты жайлаған дағдарыс жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Созылмалы сырқаттың соңғы сипаты» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.
«Қайран қара жер саудагерлердің қара саудасына түсіп, саудаланып сау тамтығы қалмай барады. Бұл ата-бабамыздың ұрпағына қалдырған ортақ жері еді ғой деп жаны ашитындар да азайды. Қазаншының еркі артып, қоныштан басу көбейді. Соның салдарынан жер телімдерін заңсыз жеке меншікке сату және саудалау етек алды, деп атап айтылды кеше Парламент Сенатының депутаты О.Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мақала «Заңсыздыққа қарсы шаралар қаралды» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінде Абай атындағы ҚҰПУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры профессор Ақтолқын Құлсариевамен арадағы сұхбат «Педагог кадрлар дайындау ісі - зияткер ұлт болашағының кілті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ғалым: «Елдің жаңғыруы туралы айта отырып, біз мына жайтты естен шығарып алмауымыз керек. Бұл міндетті шешу біздің еліміздегі азаматтардың бірнеше буынының мүддесі, жиынтық бағдарламасы болады. Ал әрбір ұрпақ өкілінің өзінің құндылықтары, өмірлік бағдары бар. Оларды есепке алу педагогиканың ұлттық сипатын да, жаңашылдық сипатын да теңдеп ұстауға жәрдемдеседі», - дейді.
***
Алдағы уақытта Smart-Lift жобасы аясында елордадағы барлық лифтілерді басқару бір жүйеге жинақталатын болады. Осы жүйенің артықшылығын «Астана ақшамы» басылымына шағын сұхбат берген «Astana Innovations» АҚ-ның басқарушы директоры айтып беріпті. «Бүгінде түрлі лифт компаниялары түрлі модификациядағы карталарды пайдаланса, біз бірыңғай төлем жүйесін енгізуді ұсынамыз. Бұл - кіреберіс арқылы кіру және осы кілт жүйесін лифтіге пайдалану. Болашақта біз лифтінің ішіне бейнебақылау енгізуді жоспарлап отырмыз», - дейді ол. Шағын сұхбат «Жеделсаты басқарудың ортақ жүйесі енгізіледі» деген тақырыппен берілген.
***
2015 жылға қарай Атырау мұнай өңдеу зауыты Еуро-5-ке көшеді. Бұл жайына «Литер» басылымындағы «Европейский стандарт» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, таяу күндері ғана зауыт Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен несие келісіміне қол қойған. Жалпы сомасы 1,1 млрд долларды құрайтын кредит мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысына бағытталады. Осылайша зауытты кешенді жаңғыртудың соңғы кезеңі аяқталады.
***
ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты «Время» газетінің оқырмандары сауалдарына жауап берген. Қазақстан халқы министрге ҰБТ-ға қатысты сан алуан сауалдар жолдаған. Олардың қатарында таяуда ғана ҰБТ кезінде балалардың ар-намысына нұқсан келтірілуі фактісі де бар. «Мен 1 маусымда-ақ мұндай фактілерге жол берілмейтінін айтқан едім. Дегенмен өкінішке орай Астанадағы Агротехникалық университетте осындай факті орын алды. Ата-аналар өте дұрыс заңды арыз беріп отыр және бұл үшін кінәлі қызметкерлер жазаланады. Жасөспірімнің іш киіміне дейін қарау емтихан тапсыруға келген түлекті қорлау», - деді министр.