Б.Жұмағұлов «ЖОО-ның ең үздік оқытушыларына» мемлекеттік гранттарды табыс етеді
Дәстүрлі сайысқа өткен жылы республиканың 86 жоғары оқу орнынан 1000 үміткер қатысты: оның 43-і мемлекеттік, 12-сі акционерлік және 31-і жекеменшік жоғары оқу орындарынан.
Білім министрлігінен атап өткендей, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленгендердің басым денін ғылыми атағы бар оқытушылар құрайды. Атап айтқанда, 68 пайыздан астамы профессорлар мен ғылым докторлары, қалғандары - доценттер, ғылым кандидаттары және PhD докторлары. Салыстыру үшін айта кетейік, 2009 жылы ғылым докторлары грант иегерлерінің 42 пайызын құрады.
«Үздік» деп танылғандардың арасында астаналық оқытушылар да бар. Солардың жетеуі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде білім береді. Олар: ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы Талғат Әбдірахманов, агрономия факультетінің деканы Нұрлан Серекбаев, энергетика факультетінің деканы Мұрат Шүкірәлиев, ветеринарлық медицина кафедрасының меңгерушісі Исатай Жақыпов, ауыл шаруашылық және астықты қайта өңдеу машиналары кафедрасының меңгерушісі Мүбарак Әдуов, информатика кафедрасының меңгерушісі Гүлден Мырзабекова, кәсіптік білім беру кафедрасының меңгерушісі Марал Есекешова.
2005 жылдан бері ҚР БҒМ-ның грантына тарихы тереңде жатқан аталмыш университеттің 28 оқытушысы ие болып, ғылыми жаңалықтарын өмірге енгізуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, мемлекеттік грант отандық оқытушыларға Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Швеция, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей және тағы басқа мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарында сынақтан өтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар грант иегерлері бір жыл бойы халықаралық ғылыми конференцияларға, симпозиум, конгресс, ғылыми-зерттеу тақырыптарына арналған семинарларға қатыса алады.