БАӘ 82 лаңкестік ұйымнан тұратын «қара тізімді» жариялады
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Лаңкестікпен күрес туралы федералдық заңға сәйкес Біріккен Араб Әмірліктері 82 лаңкестік ұйымдар мен топтардан «қара тізімді» жариялады.
Тыйым салынған ұйымдар тізіміне «Мұсылман бауырлар» саяси аймақтық қауымдастығы мен «Ислам мемлекеті» ұйымы енді. Сонымен бірге әмірлік территориясында Ливия, Тунис, Мали, Нигерия, Пәкістан, Ауғанстан исламшыл топтарына тыйым салынды. Сондай-ақ «қара тізімде» шейіттердің топтары, Таяу Шығыстың «Хезболла» ұйымы да бар. Ағымдағы жылдың тамыз айының соңында БАӘ президенті шейх Халифа бен Зайед әл Нахайян 7-ші нөмірлі федералдық заңды қабылдады. Ол лаңкестікпен күрес шараларын арттыруға бағытталды. Заңға сәйкес, лаңкестік пен экстермистік әрекеттерге көмектескені үшін қолданылатын жазаларды күшейту қарастырылған. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Әбу-Дабидің аталған қадамы көрші Сауд Арабиясының осыған ұқсас шараларын қайталайды. Онда да 2014 жылдың наурызында осылай лаңкестікке қарсы заңнама күшейтілген болатын.