БАӘ балалы отбасыларға бірнеше реттік туристік виза режимін енгізді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Біріккен Араб Әмірліктері 18 жасқа толмаған балалары бар отбасыларға елге бірнеше рет кіруге мүмкіндік беретін 5 жылдық туристік виза рәсімдеуге рұқсат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАӘ балалы отбасыларға бірнеше реттік туристік виза режимін енгізді
Фото: emaratalyoum.com

БАӘ сәйкестендіру, азаматтық, кедендік және порттық қауіпсіздік жөніндегі федералды басқармасының (ICP) мәліметтері бойынша виза алу үшін демеушілік кепілдік сұралмайды.

Басқарма дерегінше, виза иесінің 1 жыл ішінде елде болу уақыты 90 күннен аспауы тиіс. Оның мерзімі аяқталған жағдайда бір рет тағы да 3 айға создыртуға болады. Яғни, ең ұзақ мерзім - 6 ай.

Бұл ретте, елде болу мерзімін өзгерту үшін келер жылды күтпейсіз. Себебі оның уақыты виза берілген күннен бастап есептеледі. Егер азамат 1 жыл ішінде БАӘ-де 90 күннен аз болса, артық күндері келесі жылға қалдырылмайды.

Виза алу үшін қойылатын талаптар:

- 6 ай ішінде жасалған банк операцияларының көшірмесі;

- азаматтың банк шотында кемінде 4 мың доллар болуы тиіс;

- БАӘ-де медициналық сақтандыруды 180 күнге рәсімдеу қажет;

- виза берілген күннен бастап 60 күн ішінде БАӘ-ге бару қажет. Егер бұл уақыттан кешіккен жағдайда құжаттың күші жойылады.

Отбасылық визаға өтінішті тек 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар бере алады. Бүлдіршіндердің ата-аналары барлық талапты сақтай отырып, құзырлы органға өз бетінше өтініш жолдауы тиіс.