БАӘ басшысының денсаулығы оңалып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірлігінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахайянның жағдайы қалыпты. Бұл туралы Әбу-Даби ханзадасы, елдің Қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян мәлімдеді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

БАӘ басшысының денсаулығы оңалып келеді

«Ең қиын кезең өтті, денсаулығы жақсарады деген үмітіміз бар. Біз өз халқымыздан елбасымыздың денсаулығын жасырмаймыз», - деді президенттің інісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, БАӘ басшысы инсульт алып, жүрегіне ота жасалған болатын.

Шейх Халифа бин Зайед Әл Нахайян 1948 жылдың 25 қаңтарында дүниеге келген. 2004 жылы әкесі Зайед ибн Сұлтан Әл Нахайян дүниеден өткен соң, БАӘ екінші президенті болды. Ол соңғы он жыл ішінде халық алдында зор беделге ие болған бірден бір басшы. Әмірліктің экономикасы мен халықтың әл-ауқатының артуы осы басқарушының есімімен тығыз байланысты. 2005 жылы президент барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын екі есеге өсіру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Сондай-ақ оның құрметіне 2010 жылы ашылған әлемдегі ең биік «Бурдж Халифа» ғимаратына есімі берілді.