БАӘ бизнесіне Қазақстандағы кәсіпорындарды жекешелендіру ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек Біріккен Араб Әмірліктері бизнесінің өкілдерін еліміздегі кәсіпорындарды жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БАӘ бизнесіне Қазақстандағы кәсіпорындарды жекешелендіру ұсынылды

«Қазақстан жекешелендіру бойынша ауқымды шараны жүргізіп жатыр, осы орайда 700-ге тарта мемлекеттік ірі кәсіпорындар таяу жылдары жекешелендірілетін болады. Осы кәсіпорындардың бір бөлігін «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысуымен өткізбекпіз. Бұл тұрғыда тау-кен, мұнай өндіруші салалардың, энергетика, көлік пен байланыс, инфрақұрылымдық нысандар және басқа да кәсіпорындардың акциялары ескеріліп отыр»,-деді Жеңіс Қасымбек Қазақстан-БАӘ бизнес-форумында.

Бизнес-форумға Біріккен Араб Әмірліктерінің 60-қа жуық компаниялары өкілдерінің және Қазақстанның 250-ден астам кәсіпкерлері қатысуда.
Оның атап өтуінше, 2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі үш есеге артты.