БАӘ БҰҰ Бас хатшысы қызметіне өз үміткерін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысын сайлау барысында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері әзірге ортақ кандидатураға келісе алмай отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Біріккен Араб Әмірліктері 21 қазанда мемлекеттік министр, сондай-ақ елдің БҰҰ мен Еуропа одағы жанындағы арнайы өкілі Лана Нусейбені Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қызметіне ресми түрде ұсынды. Бұл туралы WAM мемлекеттік ақпарат агенттігі мәлімдеді.
48 жастағы дипломаттың кандидатурасы БАӘ президенті шейх Мұхаммед бин Заид Әл Нахаянның БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің төрағаларына жолдаған хатында ұсынылды.
Нусейбенің кандидатурасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алты кезең дауыс беру өткізілгенімен, бес тұрақты мүше — АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания мен Францияның бәріне бірдей қолайлы үміткер анықталмаған тұста ұсынылды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 16 қазандағы соңғы бейресми дауыс беруде барлық үміткерге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің кемінде екеуі қарсы дауыс берген. Алдын ала дауыс беру нәтижесінде Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті Ребека Гринспан ең көп қолдауға ие болды.
Басылымның жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бұған дейін қаралған жеті үміткердің бәріне қарсы болған.
БАӘ өкілінің кандидатурасы Қауіпсіздік Кеңесіндегі жағдайға ықпал етуі мүмкін. Бұған Әбу-Дабидің Вашингтонмен тығыз қарым-қатынасы және Әмірлік басшылығының Кеңестің өзге тұрақты мүшелерімен берік байланысы негіз бола алады.
Лана Нусейбе Reuters агенттігіне берген сұхбатында БҰҰ-ның халықаралық дағдарыстарды дипломатиялық жолмен шешудегі рөлін күшейтуді мақсат ететінін мәлімдеді.
— Бүгінде бізге көпжақты ынтымақтастық қағидаттарын нығайтып, БҰҰ-ны әлемдік дағдарыстарды сырттай бақылап қана қоймай, оларды шешуге нақты үлес қосатын ұйымға айналдыра алатын Бас хатшы қажет, — деп атап өтті ол.
Ұсынылған бағдарламада қарулы қақтығыстардың алдын алу, делдалдық тетіктерді нығайту және БҰҰ жұмысының тиімділігін арттыру негізгі басымдықтар ретінде белгіленген. Нусейбе жабық дипломатиялық келіссөздерді жандандыруға, жергілікті бітімге қол жеткізуге, тұтқындар алмасуын ұйымдастыруға және гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етуге басымдық бермек.
Оның бағдарламасында БҰҰ-ны реформалауға да ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, қайталанатын міндеттерді қысқарту, жұмыс нәтижелері үшін жауапкершілікті күшейту және дағдарыс жағдайындағы өңірлерде тікелей жұмыс істейтін мамандардың өкілеттіктерін кеңейту көзделген.
Лана Нусейбе 2013–2024 жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды. Әмірліктер 2022–2023 жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған кезеңде ол екі рет Кеңеске төрағалық етті. Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеасы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Атқарушы кеңесін басқарды.
Лана Нусейбенің дипломатиялық қызметіндегі елеулі нәтижелердің бірі — 2023 жылғы желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Газа секторына гуманитарлық көмекті жеткізуді ұлғайтуға бағытталған №2720 қарарының қабылдануы.
Сонымен қатар Әмірлік дипломатының кандидатурасына саяси кедергілер де туындауы мүмкін.
Reuters агенттігінің жазуынша, Судандағы Жедел әрекет ету күштеріне әскери қолдау көрсетті деген айыптарға байланысты БАӘ сынға ұшыраған. Алайда Әбу-Даби бұл айыптауларды жоққа шығарады.
Нусейбе Бас хатшы сайлауына қатысу үшін мемлекеттік қызметтегі жұмысынан демалыс алғанын мәлімдеп, Судандағы гуманитарлық дағдарысқа ерекше көңіл бөлетінін айтты.
Егер Лана Нусейбе сайланса, БҰҰ тарихындағы алғашқы әйел Бас хатшы әрі Мысыр өкілі Бутрос Бутрос-Галиден кейін бұл қызметті атқарған Таяу Шығыстың екінші өкілі атанады. Бутрос-Гали ұйымды 1992–1996 жылдары басқарған.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы қарашада БҰҰ жаңа Бас хатшыны сайлау процесін бастады.
Қазіргі Бас хатшы Антониу Гутерриштің өкілеттік мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
Жаңа Бас хатшыны тағайындау үшін алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынымы қажет. Түпкілікті шешімді Бас Ассамблея қабылдайды. Кеңестің бес тұрақты мүшесінің кез келгені үміткердің кандидатурасына қарсы шығып, оның мақұлдануына кедергі келтіре алады. Сондықтан ұйымның жаңа басшысын сайлауда ірі державалар арасындағы ортақ келісім шешуші мәнге ие.
Бұған дейін де халықаралық ұйымның Бас хатшысы қызметіне ұсынылған өзге үміткерлер туралы жазған едік.