БАӘ-де өмір бойына сотталған қазақстандықты елге қайтару мүмкіндігі қарастырылып жатыр – СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Біріккен Араб Әмірліктерінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ернұр Алмаханды елге экстрадициялау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті.

СІМ
Фото: СІМ

СІМ мәліметінше, қазіргі уақытта сотталған азамат Дубай қаласының бірінші сатыдағы сотының үкіміне апелляциялық шағым берген. Осыған байланысты экстрадиция мәселесін қарау әзірге ерте.

- Апелляция берілді, тиісті рәсімдер жүріп жатыр. Сондықтан экстрадиция туралы әзірге сөз қозғауға болмайды. Алдымен сот процесі толық аяқталуы тиіс. Барлық шаралар БАӘ заңнамасына сәйкес жүргізіледі, – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.

Оның айтуынша, үкім заңды күшіне енгеннен кейін ғана экстрадиция мәселесі қарастырылуы мүмкін.

- Жалпы, экстрадиция екіжақты келісімдер негізінде жүзеге асырылады. Бірақ барлық процесс кезең-кезеңімен өтеді. Алдымен сот шешімі шығуы керек. Егер азаматқа қатысты үкім күшіне енсе, онда тиісті келісімдер іске қосылады. Қазақстан көптеген елдермен осындай келісімдерге қол қойған, соның арқасында азаматтарымызды елге қайтаруға мүмкіндік бар, – деді ол.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда бұл іс бойынша адвокаттар мен Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы жұмыс жүргізіп жатыр.

- Іс бойынша ауыр құқық бұзушылықтар бар, сондықтан егжей-тегжейіне тоқталғым келмейді. Барлығы сот шешімінде көрсетілген. Бас консулдық өз тарапынан міндетті түрде қолдау көрсетеді, өйткені бұл – біздің азаматымыз, – деп түйіндеді ол.


Еске сала кетейік, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды.