БАӘ компаниясы Қазақстанда «ақылды» жолдар салуға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінің Presight AI компаниясы Қазақстанда «ақылды» автожолдар технологиясын дамытуға ниетті. Бұл туралы компанияның бас директоры Томас Прамотедхам ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы кулуарында айтып берді.
Оның айтуынша, Presight AI Қазақстанда үш жылдан бері жұмыс істеп келеді және елдегі қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
— Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамына қабылданғанымызға қуаныштымыз. Біз Қазақстанға инвестиция салуды жалғастырамыз. Өйткені елдің әлеуетіне және Қазақстан Президентінің ЖИ-ді дамытуға бағытталған стратегиялық көзқарасына сенеміз. Бүгін Қазақстанның Көлік министрлігімен «ақылды» автомагистральдарға арналған шешімдерді одан әрі дамыту жөніндегі келісімге қол қойдық. Қазақстанда мықты жергілікті команда қалыптастырып, елдің дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, — деді Томас Прамотедхам.
Сондай-ақ ол Astana Smart City жобасына да тоқталды. Компания басшысының айтуынша, бұл жүйе қалалық қызметтерді, жол қозғалысын және қоғамдық көлікті басқаруды қамтиды. Жоба Астана әкімдігіне қаланы тиімді басқару және негізделген шешімдер қабылдау үшін деректерді кеңінен пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
— Бүгін Астанаға келгенде қаланың бұрынғыдан әлдеқайда жүйелі әрі ұйымдасқанын байқадым. Сондай-ақ әкімдікті жеңіл рельсті көлік жобасының іске қосылуымен құттықтағым келеді. Бұл қала келбетін түбегейлі өзгертетін маңызды жоба, — деді ол.
Бұдан бөлек, Presight AI Қазақстанды жасанды интеллектіні дамытудағы өңірлік орталықтардың біріне айналдыруды көздейтін «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасына қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Компания басшысының айтуынша, ЖИ-ді дамыту заманауи инфрақұрылымсыз мүмкін емес. Осыған байланысты Presight AI Microsoft және өзге де технологиялық компаниялармен бірлесіп, Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.
— Біз Таяу Шығыста осындай жобаларды сәтті жүзеге асырдық және сол тәжірибені Қазақстанға енгізгіміз келеді. Мақсатымыз — Қазақстанның ЖИ технологияларын тұтынушы ғана емес, оны дамытуға қажетті есептеу қуатын ұсынатын жетекші елдердің біріне айналуына ықпал ету, — деп түйіндеді Томас Прамотедхам.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Томас Прамотедхамды Smart City жобасын жүзеге асыруға және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.