БАӘ Нетаньяхудың сапары және ел президентімен кездесуін растады

АСТАНА. KAZINFORM — БАӘ мен Израиль басшыларының байланысы жабық келіссөздердің мазмұны туралы ақпарат тарағаннан кейін көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ОАЭ подтвердили визит Нетаньяху и его встречу с президентом страны
Фото: x.com / @TheCradleMedia

БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян жексенбі, 27 қыркүйекте Абу-Дабиде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қабылдады.

Бұл туралы Әмірліктердің WAM ақпарат агенттігі дүйсенбі күні кешкі уақытта хабарлады. Осылайша БАӘ тарапы Нетаньяхудың сапарын алғаш рет ресми түрде растады.

Агенттіктің хабарлауынша, көшбасшылар екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту қажет екенін айтқан. Израиль премьер-министрінің кеңсесі Нетаньяхудың БАӘ президентінің шақыруымен келгенін мәлімдеді. Келіссөздер барысында өңірдегі өзекті мәселелер де сөз болған.

Нетаньяхумен бірге Абу-Дабиге Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің және «Моссад» барлау қызметінің басшылары, премьер-министрдің әскери хатшысы мен сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі де барды.

Reuters агенттігіне сұхбат берген Израильдің жоғары лауазымды үш шенеунігінің мәлімдеуінше, келіссөздердің негізгі өзегі Иран мәселесі болған. 

Нетаньяхудың кеңсесі тараптардың өңірдегі нақты қандай мәселелерді талқылағанын ашып айтпады.

Associated Press агенттігі хабардар дереккөзге сүйеніп, сапардың мақсатына қатысты өзге мәлімет ұсынды.

Агенттіктің хабарлауынша, Нетаньяху БАӘ президентінен Израильдің Haaretz газетінде жарияланған ақпаратты жоққа шығаруды өтінген. Аталған мақалада Әмірлік басшысы 2023 жылғы 7 қазанға дейін ХАМАС-тың ауқымды шабуыл жасауы мүмкін екенін Нетаньяхуға алдын ала ескерткені айтылған.

Израиль премьер-министрінің кеңсесі AP агенттігінің бұл хабарламасын жалған деп атап, кездесуде тек екі ел арасындағы қарым-қатынастар мен өңірдегі өзекті мәселелер талқыланғанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 8 қыркүйекте Израильдің Haaretz газеті журналистік зерттеу жариялаған болатын. Онда 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылынан шамамен 10 күн бұрын БАӘ президенті телефон арқылы Нетаньяхуға Газа секторындағы ХАМАС жетекшісі Яхья Синвар дайындап жатқан ірі операция туралы ескерткені айтылған.

Газеттің мәліметінше, премьер-министр бұл телефон арқылы болған әңгіме жайында Израиль армиясының басшылығына да, елдің ішкі қауіпсіздік қызметі «Шабакқа» да хабарламаған.

Жарияланым Израиль қоғамында қызу пікірталас туғызды. Бұл жағдай 27 қазанда өтетін Кнессет (парламент) сайлауы қарсаңында ерекше талқыға түсті.

Нетаньяхудың кеңсесі премьер-министрге дайындалып жатқан шабуыл туралы ескерту жасалғаны жөніндегі ақпаратты растаған жоқ. Ал Нетаньяху мұндай әңгіменің мүлде болмағанын айтып, басылымды сотқа беруге ниетті екенін мәлімдеді. Ол Haaretz газетінің бұл жарияланымын қолдан жасалғанын әрі саяси астары бар деп бағалады.

Ал Haaretz газеті 28 қыркүйекте аты-жөнін атамаған дереккөздерге сүйеніп, кездесу барысында Нетаньяху Мұхаммед бен Заидтен 2023 жылғы 7 қазанға дейін екеуінің телефон арқылы сөйлескені туралы ақпаратты терістеуді сұрағанын жазды. Сондай-ақ ол ХАМАС шабуылының алдындағы оқиғаларға қатысты, өзіне қолайсыздық тудыруы мүмкін өзге де мәліметтерді жария етпеуді өтінген.

Газеттің мәліметінше, Израиль премьер-министрі Әмірлік басшысынан «моральдық қолдау» көрсетуді де сұраған.

Израиль мен БАӘ 2020 жылы «Ибраһим келісімдері» аясында дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Биыл мамыр айында Израиль тарапы Нетаньяхудың БАӘ-ге тағы бір жабық сапармен барып, Мұхаммед бен Заидпен кездескенін хабарлаған еді. Алайда сол кезде Әмірлік билігі мұндай кездесудің болғанын растаған жоқ.

Бұған дейін Израильдің Палестина аумағында 8 мыңнан астам тұрғын үй салуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.

Сонымен қатар Израиль Рамалладағы Нидерланд дипломаттарын айрықша құқықтан айырғанын жазған едік.