БАӘ-нің «Bee'ah» компаниясы БҚО-да қалдық өңдеу жобасын жүзеге асырмақ ниетте
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қоқыс қалдықтарын толықтай өңдеп, одан жаңа материалдар шығарумен айналысатын «Bee'ah» компаниясының өкілдерін қабылдады.
Кездесуде қоқыс қалдықтарын өңдеуге жағдай жасау, жаңа жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Компанияның бас атқарушы директоры Фахад Али Шехейлдің сөзіне қарағанда, Қазақстан мен БАӘ арасында өзара байланыс нығайып келеді. Осы сапар - соның бір айғағы. Компания алдымен қоқыс қалдықтарының құрамы мен сапасын зерттейді, талапқа сай келген жағдайда өңдеу жұмыстары басталады.
Айта кетейік, аталған компания экологиялық менеджмент кәсіпорны ретінде 2007 жылы құрылған. Қоқыс қалдықтарын өңдеу жөнінен әлемде үшінші орынды иеленеді. Оның қызметін БАӘ ғана емес, сондай-ақ Сауд Арабиясы, Бахрейн және Оман елдері пайдаланып келеді. Қазіргі таңда компания барлық қалдықтардың 70 пайыздан астамын қайта өңдейді. 1 млн-нан астам адамға қызмет көрсететін кәсіпорын жылына 2,3 млн тонна қоқысты өңдейді. 800-ден астам автокөлігі, 4 мың қызметкері бар компания жылына 3 млн-нан астам шинаны қайта өңдейді. Бұл жөнінен Таяу Шығыстағы бірден-бір кәсіпорын болып есептеледі. Сонымен қатар күніне 6 мың тонна құрылыс материалдары, 150 ескі автокөлік қайта өңделеді.