БАӘ толассыз жаңбырдан кейін инфрақұрылым қалпына келтірілуде
ӘБУ-ДАБИ. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірліктерінде демалыс күндері елде алты айлық жауын-шашын нормасын әкелген қатты дауылдан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіру және көшелерді тазарту шаралары басталды.

Жұма күні басталған дауыл негізінен Әбу-Даби әмірлігіне әсер етті. Сенбі күні таңертең бүкіл БАӘ-де күн бұзылды. Толассыз жауған жаңбыр жергілікті су тасқынын тудырып, сонымен қатар Дубай әуежайында рейстердің ауытқуы мен кешігуіне әкелді.
Flydubai әуе компанисы сенбі күні таңертең әмірліктегі ауа райы жағдайына байланысты рейстер тоқтатылғанын растады.
Елдегі кейбір жолдар сенбі күні су тасқынына байланысты жабылды, ал шейх Мохамед бен Заид жолы сияқты әмірліктің негізгі тас жолдарында қатты жауын-шашын салдарынан көлік қозғалысы шектелді. Әбу-Дабидің кей аудандарында, тіпті бұршақ жауғаны туралы хабарлар да бар.
Билік құлаған ағаштарды алып тастау және дренажды торларды ашу үшін бригадаларды жіберді. Әл-Айнада қатты жаңбырдан кейін жолды су басып қалды.
Сенбі кешіне қарай қатты жаңбыр, сондай-ақ көптеген аймақтарда күн күркіреп, найзағай жарқылдауын қойды, дегенмен жексенбіде елдің солтүстігі мен оңтүстігінде әлі де аздаған жаңбыр жауатыны болжанған.
Сенбі күні кешке Дубайдың жол және көлік басқармасы шейх Мохамед бен Заид жолы қалыпты жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Әмірліктің теңіз көлігі қызметтері де қалыпты жағдайға оралды.
Ұлттық метеорология орталығының (NCM) жексенбіде хабарлағанындай, Дубайда 60 мм-ге жуық жауын жауғанын, ал Әбу-Дабидегі Хатам-әл-Шакла ауданында 78 мм жауын жауған. Бұл жылына орташа есеппен 100 мм-ден аз жауын-шашын түсетін елдегі ең жоғары көрсеткіш.
Арабия түбегіндегі құрғақ ел үшін жаңбыр – әдеттен тыс құбылыс, ол көбіне қыстың салқын айларында жауады.
Жексенбіде елдің шығысы пен оңтүстігінде әлі де жаңбыр жауады деп болжанғанымен, Төтенше жағдайлар, дағдарыс және апаттарды басқару жөніндегі ұлттық басқармасы (NCEMA) ауа райының қолайсыздығы аяқталғанын растады.
Дубайдың жол және көлік басқармасы таратқан жаңартылған ақпаратқа сәйкес, барлық қалааралық автобустар қазір қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Қызмет көрсету кестесіне қатты жаңбырдан кейін әмірліктің кейбір бөліктеріндегі қатты су тасқыны мен көлік қозғалысының кедергісі әсер етті.
Әмірліктің жекеменшік мектептерін қадағалайтын Дубайдың Білім және адам дамуы басқармасы жексенбі күні кейбір балабақшаларға, мектептер мен университеттерге ауа райының бұзылуы ғимараттарға тым қатты зақым келтірсе, дүйсенбіден бастап қашықтықтан оқытуды енгізуге рұқсат етілетінін айтты.
БАӘ билігі дүйсенбі күні қалың тұманға байланысты ескерту жариялады. Көлік жүргізушілерін сақ болуға шақырды. Әбу-Даби полициясы жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты ел астанасы бойынша бағдарлардағы жылдамдықты 80 км/сағ дейін төмендетті.
БАӘ дауыл боларын алдын ала біліп, өткен аптада дауылдың әсерін азайту үшін төтенше жағдай кезінде әрекет ету жоспарын әзірледі.
7 наурызда Төтенше жағдайларды басқару, дағдарыс және табиғи апаттарды Ұлттық басқармасы (NCEMA), Ішкі істер министрлігі және Ұлттық метеорология орталығының (ҰҰО) қатысуымен өткен арнайы брифингте ауа райының қолайсыздығы кезінде мектептердің жабылатыны жарияланды. Дубай, Әбу-Даби және Шарджа әмірліктері саябақтар мен жағажайларды жауып тастады, ал жергілікті тұрғындарға үйлерінен өте қажет болған жағдайда ғана шығуға кеңес берілді.
Әмірліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Дубайда 2300-ге жуық адамнан тұратын жедел әрекет ету топтары жағдайды шешу үшін тәулік бойы жұмыс істеді.
Шарджада 200 автоцистерна, 180 жылжымалы сорғы, 50 су жинау цистернасы және 20 тіркеу көлігі жұмылдырылған тазалау операциясы кезінде шамамен 400 адамнан тұратын жедел әрекет ету топтары қызмет көрсетті.