БАӘ витилигоны емдейтін жаңа дәріні мақұлдаған алғашқы ел болды
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктері витилигоны емдеуге арналған жаңа препаратты мақұлдаған әлемдегі алғашқы ел болды. Осы дәрімен емдеу ресми түрде Дубайда өткен жыл сайынғы 10-шы Дерматология конференциясында басталды. Бұл туралы WAM хабарлады.
Дәрі сегменттік емес витилигомен ауыратын науқастарға арналған. Бұл витилигоның ең көп таралған түрі, онда терінің түссізденген дақтары дененің әртүрлі бөліктерінде, көбінесе симметриялы түрде пайда болады.
Дәрі тек рецепт бойынша беріледі, ал емдеудің дозасы мен ұзақтығын маман анықтайды.
Витилиго — иммундық жүйе пигмент шығаратын жасушаларға шабуыл жасайтын созылмалы ауру. Пигменттік жасушалардың өлуі терінің табиғи түсін жоғалтып, денеде ағарған дақтар пайда болуына әкеп соқтырады.
Конференция ұйымдастырушылары келтірген деректерге сәйкес, әлем халқының 1%-дан 2%-ына дейін осы аурудан зардап шегеді. Орта есеппен науқастардың тең жартысында бұл аура 20 жасқа дейін басталады. Витилиго әдетте физикалық ауырсыну тудырмаса да, пациенттердің психологиялық әл-ауқатына, өзін-өзі бағалауына және өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Еске сала кетейік, соңғы алты жылда Қазақстанда витилиго ауруының жиілігі шамамен 1,2 есеге азайды. Жыл сайын осы диагнозбен 15 000-нан астам қазақстандық дерматолог көмегіне жүгінеді.