Бабадан қалған бағзы өнер

Алдымен Қызылорда облысы әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы бірлесіп ұйымдастырған «Қорқыт ата мұралары - түркі халықтарының рухани қазынасы» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов, «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін дамыту ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Молдова елдерінен арнайы келген делегеттар және отандық ғалымдар қатысты.
Конференцияның ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйлеп, күллі түркі руханиятының ортақ тұлғасы - Қорқыт ата тыныс тапқан мекенге келген қонақтарға облыс жұртшылығы атынан ізгі лебізін білдірді.
- Мұндай іс-шаралар жаһандану заманында түркітілдес халықтардың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, мәдениеті мен өнерін, тілі мен ділін, салт-дәстүрін насихаттауға тарихи жауапкершілікпен қарау үшін де керек, - деді облыс басшысы.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының рухани дүниелерді түгендеудегі орны ерекше болды. Ұлы Жібек жолы бойында жатқан ескі қалаларды зерттеу, әдеби мұраларды жинақтау, Сыр бойындағы саф өнердің бастауын зерделеу үшін облыс әкімі жанынан ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Елімізге белгілі мәдениет, руханият қайраткерлері осы кеңес құрамында жұмыс істейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне негізгі номинациялардың бірі болып Қорқыт ата күйлері мен күй дәстүрі ұсынылды. Елбасы тапсырмасына сәйкес Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне қайта жаңғырту жүргізілуде.
Жалпы, түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің бітімі бөлек, тағылымы зор. Өйткені, бұл Қорқыт атаның кіндік қаны тамған жер, Оғыз мемлекетінің астанасы - Жанкентте дүниеге келген данагөй бабаның туған, көз жұмған, аңызы мен музыкалық мұрасы сақталған жер.
Осы киелі өлкеде туғандықтан ажалдан қашып, дүниенің төрт бұрышын кезген Қорқыт ата туралы аңыз-әңгімелерді жасымыздан құлаққа құйып өстік. Айтсаң, аңыз көп. Бағзыдағы бабалар ерлігі, батылдығы, даналығы, көрегендігі, бүгінде аңыздан аңызға, жырдан дастанға, күйден күй жырына ауысты. Ұлы жолдың бойындағы зәулім ескерткіш сол бабалар ерлігі мен кемеңгерлігін паш етіп тұрғандай. Желмаясының жабуын Сырдың топырағына төсеп, сол кілемнің үстіне отырып алып мұңлы күй тартып отырған ұлы күйші елес береді. Жалпы, адамзатқа жұмақ іздеп, жер-көкті шарлаған Қорқыт бабаның да тәңірмен тілдесу үшін Жеркіндік ретінде осы топырақты таңдағаны да тегін болмаса керек.
Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен 18 шақырым жердегі Қорқыт бекетінің түбіндегі биік төбеге орналасқан кешен міне, отыз жылдан астам уақыттан бері қалың жұрт қастерлеп, тәу етер киелі орынға айналып, рухани дүниеміздің алтын діңгегі ретінде елге қызмет етіп келеді.
Тәуелсіздік алған алғашқы уақыттан бастап Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынды. Елімізде қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі қалаларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері есепке алынды, оларды қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда.
Сондай қолға алынған кешенді шаралардың бірі - Қорқыт ата ескерткішін қайта жаңғырту жобасы. Қазіргі таңда мұнда осы жұмыстармен бірге 850 гектардан астам аумақты қамтитын қорық құру ісі қоса жүргізіліп жатыр. Келешекте кешеннің тарихи құндылығын арттыру мақсатында «Ақсақ қыз» және басқа нысандар да жөндеуден өткізіліп, «Оғыз-қыпшақ» бейітін қоршап, абаттандыру жұмыстары атқарылады.
Кешен қайта жаңғыртудан өткізілгеннен кейін де бұрынғы архитектуралық формасы сақталатын болады. Қазір мұражай мен әкімшілік ғимараты салынып бітті. Ал, тікұшақ қонатын алаң мен ескерткіштің құрылысы қызу жүргізілуде. Бұрын ескерткіш биіктігі 8 метр болса, енді ол 12 метрге, ал ескерткіш тұрған жер 2,5 метрге биіктейді. Бұған қоса, амфитеатрды жағалай бауырлас түркі елдерінің туы немесе ұлттық символдары орналастырылатын болады. Ең бастысы, ескі темір-бетон материалдарды мрамор, гранит, ұлутас тастары ауыстырады. Ал, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолынан кешенге дейін, онан «Ақсақ қыз» кесенесіне дейінгі аралыққа жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылып, аумақ түгел абаттандырылуда.
Жоспарлы жұмыстардың түпкі мақсаты - кешенді «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі нысандарының бірі ретінде әзірлеу және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізу болып табылады. Түркі мәдениетінің негізі Елбасының өзі «Алаштың анасы» атаған осы қасиетті өлкеде қаланды. Сыр елін түркі жұртының ортақ отаны десек, мұндағы «Қорқыт ата» мемориалды кешені күллі түркі әлемінің тәу етер орталығына айналады.
Қырымбек Елеуұлы түркі тектес халықтарға ортақ мол мұраны сабақты жібіне дейін шашау шығармай жинақтауды мұрат еткен конференция жұмысына табыс тіледі.
Одан әрі Қазақстанның халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменов, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Республикасының Ататүрік атындағы Түрік тілі құрылымының президенті Мұстафа Качалин, Түркияның Ескішеһир қаласы әкімінің орынбасары Гүнхан Язар сөз алды. Олар Қорқыт ата мұраларын ортақ құндылыққа айналдырудың өзекті тұстары талқыланатын басқосудың маңызына тоқталды.
Ғылыми баяндамаларға кезек келгенде алғаш болып Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры Саида Елеманова қазақтың дәстүрлі музыкасы мен Қорқытты алғашқы музыкалық аспапты жасаушы деп танудың астарына үңілді. Қазақ аңыздарындағы Қорқыт образы мен «Қорқыт ата кітабының» аражігін ажырататын ғылыми тұжырымдарын ұсынды.
Орталық Азиядағы полигенезис қағидасы мен этнолингвомәдениет тарихын зерттеген Чуваш мемлекеттік Тіл білімі гуманитарлық ғылымдар институтының бөлім меңгерушісі Николай Егоров көшпелілер өркениетінің басты дәуірлеріне өз бағасын берді. «Деде Коркут дастаны - түркі халықтарының ескерткіші» тақырыбында баяндама жасаған әзірбайжандық ғалым Азизхан Танрыверди ортақ мұраның түбі бір халықтарды біріктіретін маңызы туралы айтты.
Қорқыттану белестеріне шолу жасаған елімізге белгілі ғалым Тынысбек Қоңыратбаев алдағы уақытта Қорқыт мұрасын зерттеу мен насихаттауда қандай танымдық мәселелерге назар аудару керектігіне тоқталды. «Қорқыт» энциклопедиясын, халықаралық деңгейде «Қорқыт» атты журнал, Қорқыт туралы көркем шығармаларды әлемдік сахнаға шығару ұсыныстарын ортаға салды.
Конференцияда Сырдариядағы руна жазулары туралы қызықты деректер келтірген РҒА Археология институтының профессоры Игорь Кызласовтың, түркі тілдес халықтар педагогикасында «Китаби деде Коркуд» тағылымдарын ұғындыру туралы айтқан Манас қырғыз-түрік университетінің профессоры Акматалы Алымбековтың баяндамалары тыңдалды. Бүгінде Молдовада тұратын гагауздардың ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани құндылықтары ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл туралы М.Маруневич атындағы Молдова ҒЗО директоры Петр Пашалы айтты.
Түс ауа конференция жұмысы одан әрі жалғасып, ғалымдар Қорқыт ата туралы деректердің тарихи шындығы, Алпамыс дастаны мен Қорқыт ата кітабының алғысөздері, түркілердің мәдени мұрасын түсіндірудің кейбір мәселелері туралы сөз қозғады.
Түркі халықтарының ауыз әдебиетінде де, жазба жәдігерліктерде де кездесетін Қорқыт ата бейнесі туралы әртүрлі пікір бар. «Қорқыт ата кітабының» түркітілдес елдерге ортақ құндылық болып қалыптасуының сырын зерттеген ғалымдар оны исламға дейінгі идеология мен таным-түсініктен тауып жатады.
Қорқытқа қатысты деректердің бас-аяғы жүйеленген деп айту ерте. Өйткені, ақиқаттан, ғылыми тұжырымдардан гөрі аңызға жүгінушілік басым. Бұл тұтас түркінің күллі мәдени мұраларына арқау болған тұлғаны танып-білудің әлі де кемшін тұстары бар екенін дәлелдеп тұрғандай.
Соңғы уақытта түркі тұтастығы, әр халықтың рухани мирасын түгелдеуі, ғылыми айналымға қосуы туралы әңгіме жиі айтылады. Осы ұлы міндетті орындауда мәңгілік мұраға айналған Қорқыт бейнесі мен «Қорқыт ата кітабының» қосар үлесі зор болмақ. Конференцияда ғалымдар түйген ойдың тобықтай түйіні осы ойға қазық байлатты.
Кешкілік Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі музыкалық өнер фестивалінің ашылу салтанаты болды. Сахна шымылдығы «Томирис» би тобының «Тәңірге табыну» биімен түрілді. Мұнан соң аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев сөз алып, барша Сыр жұртшылығы мен түркі халықтарын бүгінгі өнер мерекесімен құттықтады.
«Түркі мәдениетінің бастау бұлағы болған Сыр елі - қашан да қазақтың қалпын, бабалар салтын сақтаған өркениет өлкесі. Қазақ елінің астанасы болған қасиетті бұл жер тарихи құндылыққа тұнып тұр. Өткеннің өнегесі, бүгінгінің баға жетпес байлығы ежелгі Қорқыт жерінде түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық дәстүрлі музыкалық өнер фестивалін ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз - түркі тілдес халықтардың ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынас пен байланысты нығайту. Сол арқылы тілі ұқсас, діні ортақ елдердің салт-дәстүрлерін, қайталанбас өнерінің озық үлгілерін жұртшылыққа таныстыру. Сол себепті де бүгінгі мерекенің маңызы зор деп білемін.
Сондықтан өткеннің уақытын бойына сіңірер ұрпақ барда түркі әлемінің әлі талай ғасырға ұласары сөзсіз. Елбасы Н.Назарбаев ХХІ ғасырды еліміздің «алтын ғасыры» болсын деген болатын. Түркі әлеміне де жаңару, жасарудың ғасыры болсын деп тілек білдіремін», - деді.
Мұнан әрі облыс әкімі халықаралық ТҮРКСОЙ Түркі мәдениетін дамыту ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке алғысын білдіре отырып, түркі әлемінің мәдени жобаларын іске асырудағы еңбегі үшін облыстың «Құрмет» грамотасын табыстады. Өз кезегінде ел ағасына риза-шылығын білдірген бас хатшы түрік шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындысын сыйға тартты.
Фестивальді бұдан кейін Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Молдова елдерінен, Ресей Федерациясының Татарстан, Алтай, Якутия, Хакасия, Башқұртстан республикаларынан келген 36 өнерпаз бен өнер ұжымдарының концерті жалғады. Сыр халқы жиналған кеште әзірбайжандық Нурие Хусейнова мен молдовалық Петр Петковичидің әні, сондай-ақ, түрік өнерпазы Нилюфер Огуз бен татар елінің өнер жұлдызы Айдар Валеевтің өнері көпшілікті бір серпілтті. Өнер мерекесінде сырбойылық жыраулар да жырдан шашу шашты. Жалпы, бұл мереке түбі бір түркі халқының тұтастығын, ұлттар достығын көрсете білді.
Фестивальдің екінші күні меймандар Қызылорданың көрікті жерлерін аралады. Қонақтар қаланың үш жылда танымастай өзгергенін айтты.
Екі күн бойы Қызылорда аспанын күймен күмбірлетіп, әуезді әуенмен әспеттеген түркітілдес елдердің өнерпаздары «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық дәстүрлі музыкалық өнер фестивалін қорытындылады. Салтанатты шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
Түбі бір түркі елдерінен келген өнерпаздар бабадан қалған бағзы өнердің туын көкке көтерді. Қобыздың қоңыр үні, сырнайдың сыңғыры, дәстүрлі әншілердің ашық дауысы кештің ажарын аша түсті. Басты жаңалық, алғаш рет сахнада Қорқыт атаның нақыл сөзіне жазылған түрік халқының әні «Дәде Қорқыт» орындалды.
Сыр бойында сақталған Қорқыт күйлері мен сарындарының бүгінге дейін қолданыста болуы ерекше назар аудартады. Бізге Қорқыттың 20-дан астам күйлерінің аты белгілі болғанымен, нотаға түскені 11 шығарма. Олар: «Қорқыт» (үш нұсқасы бар), «Қоңыр», «Башпай», «Әуіппай», «Желмая», «Елім-ай, халқым-ай», «Сарын», (екі нұсқасы бар), «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Байлаулы киіктің зары». Қысқа сарынды болып келетін күйлер пішіні жағынан шағын, қарапайым. Қорқыт бақсылардың пірі саналатындықтан күйлерінде бақсылар зікірінің желісі байқалады. Күйлердегі бұл ерекшелік көнеліктің, ескіліктің нышаны болып табылады. Қобыздың атасы Қорқыттың мұрасын ғасырлар бойы халқымыз құрметтеп, қорғап келеді. Қорқыт күйлерінде өмірдің мәні мен элегиялық көңіл-күй, терең философиялық тебіреніс бар.
Алтай асып, төрт құрлықтың түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен түркі халықтарының басын дәстүрлі музыка біріктіретіні тағы бір дәлелденді. Қорқыт бабамыздың музыкалық мұрасын, түркі халықтарына ортақ дәстүрлі өнерді қадірлеп, қастерлеуді әрі оны кейінгі ұрпаққа саф алтындай таза күйінде аманат етуді мақсат еткен фестиваль өз мәресіне жетті.
Гүлім Сыдықова