БАБАЛАР СӨЗІ: «Аягөз» атауы қайдан шыққан?
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Ерте заманда ел болып әлпештеген, ақылына көркі сай, сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін бір қыз өмір сүріпті. Ол қыздың аты - Аяу екен. Бой жетіп, толған айдай толықсыған шағында сол елдің жігіті Жайсаңмен тіл табысып, көңіл қосады. Екеуі бірге өмір сүруге сөз байласады.
Күндердің бір күнінде ниеті қара Нойыс деген бір жігіт Аяуды айттырып алмаққа құдалық кәдесімен келіп, ауылына түседі. Бұған Жайсаңның туған-туысқандары араласып, іс насырға шабады.
Әбден шиеленіскен кезде бір қапысын тауып, Нойыс Жайсаңды мерт қылады. Осындай қайғылы оқиғаның куәсі болған Аяу нәр сызбайды, ботадай боздаған күйінде жатып алыпты. Үлкеннің сөзіне құлақ аспайды, кішіні тыңдамайды. Құрбы-құрдастарымен де қатыспайды. Сөйтіп, қайғының салдарынан Аяу қаза тауыпты.
Көзінен аққан жас сарқыраған өзенге айналыпты. Сонан ел жаңағы өзенді Аяудың көзінен аққан жас, Аяудың көзі деп атап, кейін келе «Аягөз» болып кетіпті.