БАБАЛАР СӨЗІ: «Айдаһарлы-Құдайберлі» үңгірі туралы аңыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, Құдайберлі деген батыр өмір сүріпті. Оның батырлығы сондай - бір ұрғанда тасты үгітіп, тауды құлатады екен. Сол Құдайберлінің жан дегенде жалғыз жолдасы болыпты. Ол - Айдаһар екен. Сол Айдаһар Құдайберлінің жылқысын жаудан қорғаушы болса, сол үшін Құдайберлі Айдаһарға күніне бір жылқы беріп түрады екен. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіпті.
Күндердің бір күнінде Құдайберлінің жылқыға келген жалғыз баласын Айдаһар шыдай алмай жұтып қояды. Ашуға мінген Құдайберлі батыр келе сала Айдаһармен айқасқа түседі. Күші басым болып, Айдаһарды алып соғып, қылышын сермеп қалғанда, құйрығын шауып түсіріпті дейді. Жанын сауғалай қашқан Айдаһар:
Әй, Құдайберлі, мен құйрығымды ұмытпаспын, сен жалғыз балаңды ұмытпассың, қош бол! - деп тауды жарып кіріп кетіпті. Сонан халық Айдаһар кірген үңгірді «Айдаһарлы-Құдайберлі» деп атап кетіпті.