БАБАЛАР СӨЗІ: Бәйбіше бейіт туралы аңыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
БӘЙБІШЕ БЕЙІТ
Бұл аңыз Тәттімбеттің тоқалы жайында.
Ол кезде Тәттімбет отау иесі болатын жасқа жеткенде, Мұрат руының Ақбөпе деген қызына үйленеді. Бұдан Мұсатай, Қысатай, Исатай деген үш ұл туады. Исатай 25 жасында жай түсіп қайтыс болады. Ақбөпе ерте қайтыс болады да, жылы өткен соң, Тәттімбет Абыралы елінің Бауыр Бошан руынан Байбөрі тұқымынан 17 жастағы Есім қызды айттырып алады.
Есім жас та болса, жұртына сыйлы, қадірлі болған. Үш баланы өз балаларындай тәрбиелеп асыраған. Таңсәріден ерте тұрып алып, ұйықтап жатқан балалар оянып кетпесін деп, есік алдындағы шырылдаған боз торғайларды қуалайды. Тәттекеңнің үлкен баласы Мұсатай бұдан үлкен болса да, «шешем» деп сыйлайтын көрінеді. Жалпы балаларының қайсысы болсын туған анасындай жақсы көрген. Есімді күйші «бәйбіше» деп атаған. Осы Есім бәйбішеден туған Сәуле деген қыз болған. Бірақ ол ерте жас кезінде, он екі жасында қайтыс болған.
Бүгінде Есім бәйбіше жерленген қорымда Мұсатай, Қысатай, Исатай, Сәулелер жатыр. Олардың бейіті Достар тауының етегінде Қарасор көлінің жанында. Бұл жерге жерленген себебі -Есім бәйбіше қайтыс болар кезде, өтініші бойынша, сүйретпеден түсіп қалған жерге жерленген көрінеді. Ол кезде олар жайлауларында болған деседі. Қайтыс болған Есімді сүйретпеге салып, қыстауға қарай жүреді. Сонда сүйретпеден түсіп қалған жері осы Қарасор көлінің жанында екен. Қазір де бұл жер «Бәйбіше бейіт» деп аталады.